Павлодардағы банк бөлімшелерінің бірінде телефон алаяқтарының нұсқауымен ішіне петарда салынған тортты апарып, оны тұтатқан зейнеткер ерлі-зайыптылардың денсаулық жағдайы туралы ақпарат жарияланды. Пиротехникалық бұйымның жарылысы салдарынан қарт ерлі-зайыптылар жарақат алған, деп хабарлайды turkystan.kz.
Павлодар облыстық денсаулық сақтау басқармасының мәліметінше, зардап шеккендер – 75 жастағы әйел мен 78 жастағы ер адам. Оқиға орнынан екеуі де Павлодар облыстық ауруханасына жеткізілген.
«Әйел адамның қолдарында жыртылған жаралар, соғылған және сырылған жарақаттар, беті, мойны және екі қолының I–II дәрежелі термиялық күйіктері (денесінің шамамен 5 пайызы), сондай-ақ көздің жеңіл дәрежедегі күйігі анықталды. Травматологиялық және офтальмологиялық көмек көрсетілгеннен кейін науқас тұрғылықты жері бойынша амбулаториялық ем алуға жіберілді», – деп хабарлады Павлодар облыстық денсаулық сақтау басқармасы.
Дәрігерлердің айтуынша, 78 жастағы ер адамның да көзі жеңіл дәрежеде күйген. Оған офтальмологиялық көмек көрсетіліп, кейін амбулаториялық ем қабылдау үшін үйіне жіберілген.
Оқиғаға байланысты бірнеше қылмыстық іс қозғалып, күдіктілерді анықтау және ұстау мақсатында жедел-іздестіру шаралары жүргізіліп жатыр.
Полицияның мәліметінше, бұған дейін ерлі-зайыптылар жалған инвестициялық жобаларға ақша салып, телефон алаяқтарының құрбаны болған. Тәртіп сақшылары ақша аударуға қатысы бар дропперлердің жеке басын анықтап, оларды заң аясында жауапкершілікке тартқан.