Ақмола облысындағы бірнеше елді мекен мен Степногорск қаласының маңындағы дала өрті сөндірілді, деп хабарлайды turkystan.kz.
Өрт ошақтарын жедел ауыздықтау үшін Төтенше жағдайлар министрлігі, жергілікті атқарушы органдар және өзге де мемлекеттік қызметтердің күштері мен құралдары жұмылдырылды.
Баруға қиын учаскелерде ТЖМ авиациясы қолданылды. Бұл өрттің кең аумаққа таралуына жол бермей, ең күрделі ошақтарды жедел сөндіруге мүмкіндік берді.
ТЖМ авиациясының әуе кемесі өрт ошақтарына жалпы көлемі 38 тонна су төкті.
Алдын ала мәлімет бойынша, өрттердің шығуына найзағайдың түсуі себеп болған. Жағдай ҚР ТЖМ-нің тұрақты бақылауында. Оқиға орындарында жедел штабтар жұмыс істеп жатыр.
Қазір елді мекендерге қауіп жоқ. Жекелеген өрт ошақтарын толық сөндіру жұмыстары жалғасуда.
Өртті сөндіруге ТЖМ мен өзге де мемлекеттік органдардың шамамен 300 қызметкері, 55 техника бірлігі, сондай-ақ ҚР ТЖМ-нің «Қазавиақұтқару» АҚ мен «Қазавиаорман» РМК-ның екі әуе кемесі жұмылдырылды.