Қостанайда жол-көлік оқиғасы болып, салдарынан жеңіл көлік жыраға аударылып кетті. Көліктің ішінде бала болған, деп хабарлайды turkystan.kz.
Қостанай облысы Полиция департаментінің баспасөз қызметінің мәліметінше, жол-көлік оқиғасы Назарбаев даңғылында, Федоров тасжолы бағытында болған. Renault және Hyundai Sonata автокөліктері соқтығысқан.
Алдын ала мәліметке сәйкес, Федоров тасжолы жағынан келе жатқан Renault жүргізушісі «Юбилейный» шағынауданына солға бұрылған кезде қарсы бағытта түзу келе жатқан Hyundai Sonata көлігіне жол бермеген.
Соқтығыс салдарынан көліктердің бірі жыраға аударылып кеткен. Жол апатынан кәмелетке толмаған жолаушы жарақат алды.
Қазіргі уақытта полиция қызметкерлері тексеру жүргізіп, жол-көлік оқиғасының барлық мән-жайы мен себептерін анықтап жатыр.