Ақтөбеде бопсалау және тонаумен айналысқан топ ұсталды

Бүгін, 10:21 / Алуа Арман
polisia.kz

Ақтөбе облысы полиция департаментінің қызметкерлері қала тұрғындарына қатысты бопсалау және тонау қылмыстарын жасады деген күдікке ілінген маргиналды орта өкілдерінен құралған топтың заңсыз әрекетінің жолын кесті, деп хабарлайды turkystan.kz.

Тергеу мәліметтері бойынша, 17 маусым күні күдіктілер ойдан шығарылған қарызды қайтару сылтауымен жәбірленушіге күш қолданып, оны несие рәсімдеуге және депозиттік шотынан ақша шешіп беруге мәжбүрлеген. Осылайша олар заңсыз жолмен 700 мың теңгені иемденіп, жәбірленушіге елеулі материалдық шығын келтірген.

Жүргізілген жедел-іздестіру іс-шараларының нәтижесінде полиция қызметкерлері жеті күдіктінің жеке басын анықтап, оларды ұстады.

Барлығы ішкі істер органдарына жеткізілді. Аталған дерек бойынша бопсалау фактісімен сотқа дейінгі тергеп-тексеру амалдары жүргізілуде. Қылмыстың барлық мән-жайын анықтауға және дәлелдемелерді бекітуге бағытталған қажетті тергеу әрекеттері жүзеге асырылуда.

Қазіргі уақытта ұсталғандардың Ақтөбе облысының аумағында жасалған өзге де осыған ұқсас қылмыстарға қатыстылығы тексерілуде.

Полиция ұйымдасқан қылмыс, бопсалау, күш қолдану және басқа да ауыр қылмыстардың кез келген көрінісіне қатаң тосқауыл қойылатынын, ал кінәлі тұлғалар Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес жауапкершілікке тартылатынын ескертеді.

Тэгтер:

Ақтөбе тонау бопсалау