Павлодарда алаяқтар торттың ішіне жарылғыш зат салып, зейнеткерлерге берген (ВИДЕО)

15 шілде, 2026 / Жамбыл Жайлау
видеодан скриншот

Павлодарда телефон алаяқтарының нұсқауын орындаған егде жастағы ерлі-зайыпты банк бөлімшесіне петарда салынған торт әкеліп, оны клиенттерге қызмет көрсету залында жарған​​​​​​​, деп хабарлайды turkystan.kz.

Оқиға банк ішіндегі бейнебақылау камерасына түсіп қалған. Кадрлардан ерлі-зайыптының үстел жанында тұрғанын, ал олардың алдында пакетке салынған торт болғанын көруге болады.

Бір сәтте торттың ішіндегі пиротехникалық бұйым жарылып, өрт шыққан. Жарылыстан кейін зейнеткер әйел бетін жауып, орындыққа құлаған. Ұшқын қасындағы ер адамға да тиген.

Оқиға салдарынан үстел зақымдалып, ерлі-зайыпты жеңіл жарақат алған.

Павлодар облыстық полиция департаментінің мәліметінше, 15 шілде күні шамамен сағат 16:00-де банк бөлімшелерінің бірінде пиротехникалық бұйым жарылғаны туралы хабар түскен.

Тексеру барысында зейнеткерлердің телефон алаяқтарының құрбаны болғаны анықталды.

Бұған дейін ерлі-зайыпты жалған инвестициялық жобаға ақша салып, қаражатынан айырылған. Бұл іске байланысты қылмыстық іс қозғалып, дроппер ретінде әрекет еткен адамдар анықталып, жауапқа тартылған. Жәбірленушілердің ақшасын қайтару үшін сот арқылы шаралар қабылданып жатқан.

Алайда алаяқтар зейнеткерлермен қайта байланысқа шығып, бұрын жоғалтқан ақшаларын қайтарып береміз деп уәде берген. Полицияның хабарлауынша, олар егде жастағы адамдарға психологиялық қысым көрсетіп, торт пен петарда сатып алуға көндірген.

Кейін алаяқтардың нұсқауы бойынша ерлі-зайыпты петарданы торттың ішіне салып, банк бөлімшесіне әкеліп тұтатқан.

Қазіргі уақытта оқиғаға байланысты бірнеше қылмыстық іс қозғалды. Күдіктілерді анықтау және ұстау үшін жедел-іздестіру шаралары жүргізіліп жатыр.

Зейнеткерлердің алаяқтарға нақты қанша ақша бергені әзірге жарияланған жоқ.

Тэгтер:

Павлодар