Хайп қуамын деп дипломын жыртқан түлек қамауға алынды (ВИДЕО)

15 шілде, 2026 / Жамбыл Жайлау
ашық дереккөзден

Алматыда әлеуметтік желіде «дипломын жыртып тастаған» түлек әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Полиция қызметкерлері TikTok платформасына жүргізілген мониторинг барысында қоғамда қызу талқыланған бейнежазбаны анықтаған, деп хабарлайды turkystan.kz.

Видеода қаладағы жекеменшік колледждердің бірін тәмамдаған жас жігіт диплом табыстау рәсімінен кейін көпшіліктің көзінше диплом мұқабасына ұқсас затты жыртып тастайды. Жарияланым қысқа уақыт ішінде интернетте кең тарап, желі қолданушыларының наразылығын туғызған.

Оқиғаға қатысты тексеру жүргізген полиция бейнежазбада дипломның түпнұсқасы жыртылмағанын анықтады. Түлектің дипломы, оған қоса берілетін қосымшасы және оқу орны табыстаған ресми мұқаба бүлінбеген.

Белгілі болғандай, роликті түсіру үшін алдын ала дайындалған диплом мұқабасының көшірмесі пайдаланылған. Яғни бейнежазба әлеуметтік желі қолданушыларының назарын аудару мақсатында қойылым ретінде түсірілген.

Соған қарамастан полиция жарияланымның қоғамда түрлі пікір туғызып, азаматтарды жаңылыстырғанын атап өтті. Бейнероликтің кеңінен таралуы тексеру жүргізуге негіз болған.

Тексеру қорытындысы бойынша видео авторына қатысты Қазақстан Республикасы Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 456-2-бабының 3-1-бөлігі бойынша хаттама толтырылды. Ол әкімшілік жауапкершілікке тартылды.

Құқық қорғау органдары әлеуметтік желілерде жарияланатын ақпараттың шынайылығына мән беруге шақырды. Сондай-ақ қаралым жинау мақсатында жалған немесе жаңылыстыратын бейнежазба тарату заңда белгіленген жауапкершілікке әкелуі мүмкін екенін ескертті.

Тэгтер:

диплом