Ақмола облысында оқушы қызды өлтірген ер адам өмір бойына сотталды

15 шілде, 2026 / Жамбыл Жайлау
freepik.com

Ақмола облысында 14 жастағы қызды пышақтап өлтірген 34 жастағы ер адам өмір бойына бас бостандығынан айырылды, деп хабарлайды turkystan.kz.

КТК телеарнасының хабарлауынша, іс Ақмола облысының кәмелетке толмағандардың істері жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотында жабық режимде қаралған.

Сотталушы төрт қылмыстық бап бойынша кінәлі деп танылды. Олардың қатарында 16 жасқа толмаған адаммен бірнеше рет жыныстық қатынасқа түсу, кәмелетке толмаған адамды зорлау, қасақана адам өлтіру және сталкинг бар.

Қайғылы оқиға 2025 жылдың қараша айында Астана маңындағы Ынтымақ ауылында болған.

Тергеу дерегіне сәйкес, сол күні кешке 9-сынып оқушысы танысының үйіне барған. Біраз уақыттан кейін жараланған жасөспірім жақын маңдағы дүкенге кіріп, көмек сұраған.

Оған көптеген пышақ жарақаты салынған. Дәрігерлер қыздың өмірін сақтап қала алмады.

Материалда сотталған ер адамның жасөспірімді оқиғаға дейін бірнеше күн бойы аңдығаны айтылған. Оның қыз барған үй иесінің танысы болғаны анықталған.

Марқұмның анасы сот шешіміне қанағаттанатынын, алайда жалғыз қызынан айырылған қайғының орнын ештеңе толтыра алмайтынын айтты.

"Бұрынғыдай өмір сүре алмаймын. Сүйікті қызым енді жоқ және оны ешкім қайтара алмайды. Істі жан-жақты зерттеп, қылмыстың мән-жайын анықтаған тергеушілерге алғыс айтамын. Әділ шешім шығарған сотқа ризамын", – деді Валентина Цындря.

Сот үкімімен ер адам өмір бойына бас бостандығынан айырылды.

Тэгтер:

Ақмола облысы