Түркияда орман өрті сөнбей жатыр

Бүгін, 17:43 / Алуа Арман
Анадолу

Түркияның Мұғла провинциясындағы Милас ауданында тұтанған орман өрті бақылауға алынды. Қазіргі уақытта өрт ошақтарын толық сөндіру жұмыстары жүргізіліп жатыр, деп хабарлайды turkystan.kz.

Өрт кеше кешке Гүрчамлар елді мекеніне қарасты Бозбүк ауданындағы орман алқабында басталған. Түнде өрт сөндірушілер тілсіз жаумен жерүсті күштері арқылы күрессе, таң атқан соң операцияға алты тікұшақ пен төрт ұшақ жұмылдырылды.

Өртті сөндіру жұмыстарына төтенше жағдайлар қызметінің жүздеген қызметкері мен ондаған арнайы техника тартылған.

Түркияның Орман шаруашылығы бас басқармасының мәліметінше, өрттің таралуы айтарлықтай шектелген. Дегенмен барлық өрт ошақтары толық сөндірілгенге дейін жұмыстар жалғасады.

Мұғла провинциясы губернаторының айтуынша, бір тәулік ішінде өңірде алты табиғи өрт тіркелген. Оның бесеуі толықтай сөндірілген. Оның сөзінше, өрттің тез таралуына ауа температурасының жоғары болуы, ылғалдылықтың төмендігі және қатты жел себеп болған.

Қауіпсіздік мақсатында бір қонақүй мен бір туристік тұрғын үй кешенінен адамдар эвакуацияланды. Жалпы саны 1 120 адам қауіпсіз аймақтарға көшірілді.

Өрттің шығу себептері анықталып жатыр.

Тэгтер:

өрт Түркия Орман