Елордада полиция жазғы демалыс маусымында қоғамдық орындарда тәртіп сақтау қажеттігін ескертеді, деп хабарлайды turkystan.kz.
Саябақтар, гүлзарлар мен бақтар елорда тұрғындары мен қонақтарының ең көп баратын демалыс орындарының бірі болып қала береді. Солардың қатарында күн сайын мыңдаған адам серуендеп, отбасымен уақыт өткізіп немесе табиғат аясында тынығу үшін келетін ботаникалық бақ та бар.
Алайда демалыстан кейін аумақта пластик ыдыстар, қаптамалар, бөтелкелер және өзге де тұрмыстық қалдықтар қалып, айналаны ластап, келушілерге қолайсыздық туғызатын жағдайлар жиі кездеседі.
Осыған байланысты полиция қызметкерлері тұрақты түрде профилактикалық рейдтер өткізіп, келушілерге қоғамдық тәртіпті сақтаудың, қалалық инфрақұрылымға ұқыпты қараудың және көпшілік демалатын орындардың тазалығын қамтамасыз етудің маңызын түсіндіруде.
Соған қарамастан құқық бұзушылықтар әлі де тіркелуде. Жыл басынан бері ботаникалық бақ аумағында абаттандыру қағидаларын бұзғаны үшін 785 адам әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Сонымен қатар белгіленбеген орындарда сауда жасаудың 350 дерегі анықталып, ұсақ бұзақылықтың үш фактісі тіркелді.
Полиция қызметкерлері су айдындарында қауіпсіздік талаптарын қатаң сақтаудың маңызын да ескертеді. Шомылу тек ресми түрде рұқсат етілген әрі арнайы жабдықталған жағажайларда ғана жүзеге асырылуы тиіс. Қалалық субұрқақтар, каналдар және шомылуға арналмаған басқа да су айдындары адам өмірі мен денсаулығына қауіп төндіреді. Жыл басынан бері тыйым салынған орындарда шомылғаны үшін 328 азамат жауапқа тартылды.
Полиция тұрғындар мен қала қонақтарын қоғамдық орындарда тәртіп қағидаларын сақтауға, коммуналдық қызметкерлердің еңбегін құрметтеуге, қалалық мүлікке ұқыпты қарауға және демалыстан кейін айналаны таза күйінде қалдыруға шақырады. Таза қала – әрбір азаматтың ортақ жауапкершілігі.
Еске сала кетейік, «Таза Қазақстан» — Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен қолға алынған ауқымды республикалық экологиялық акция. Жоба қоршаған ортаны қорғауға, тазалықты сақтауға және ұлттық экологиялық мәдениетті қалыптастыруға бағытталған.