Ақтөбеде алаяқтар зейнеткерге емхананың атынан хабарласып, 750 мың теңгесін қағып кеткен

Бүгін, 11:32 / Алуа Арман
istockphoto.com

Ақтөбе қаласында 70 жастағы зейнеткер телефон алаяқтарының арбауына түсіп, 750 мың теңгесінен айырылды, деп хабарлайды turkystan.kz.

Алдын ала мәлімет бойынша, белгісіз тұлғалар әйелге WhatsApp мессенджері арқылы хабарласып, өздерін емхана қызметкерлері ретінде таныстырған. Олар медициналық қызметтерді әрі қарай пайдалану үшін қайта тіркеуден өту қажет екенін айтып, жәбірленушінің телефонына келген SMS-хабарламадағы растау кодын сұратқан.

Біршама уақыттан кейін зейнеткерге өздерін eGov порталының және банк қызметкерлерінің өкілдері ретінде таныстырған адамдар қоңырау шалған. Олар алаяқтардың әйелдің банк шоттарына қол жеткізуге әрекет жасап жатқанын айтып, қаражатын "қауіпсіз сақтау" үшін өздерінің нұсқауларын орындауға көндірген.

Алаяқтардың сөзіне сенген зейнеткер олардың барлық талаптарын орындап, нәтижесінде 750 мың теңге көлеміндегі ақшасынан айырылған.

Аталған дерек бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру басталды. Ақтөбе облысы полиция департаменті азаматтарды сақ болуға шақырады.

Мемлекеттік органдардың, банктердің және медициналық ұйымдардың қызметкерлері ешқашан телефон арқылы немесе мессенджерлерде SMS-кодтарды, құпиясөздерді, банк картасының деректерін немесе басқа да құпия ақпаратты сұрамайды. Егер осындай қоңырау немесе хабарлама келсе, әңгімені бірден тоқтатып, тиісті ұйымның ресми байланыс арналары арқылы ақпараттың дұрыстығын өзіңіз тексеріңіз. Ешқашан бөгде адамдарға жеке деректеріңізді, банк картасының мәліметтерін немесе растау кодтарын бермеңіз.

Тэгтер:

Алаяқ Ақтөбе зейнеткер