Петропавл – Көкшетау тасжолындағы жантүршігерлік апаттан 8 адам зардап шекті

Бүгін, 10:30 / Алуа Арман
видеодан скриншот

Солтүстік Қазақстан облысында Петропавл – Көкшетау автожолында ауыр жол-көлік оқиғасы болды. Апат салдарынан сегіз адам зардап шекті, деп хабарлайды turkystan.kz.

Жол апатының видеосы әлеуметтік желілерде тарады.

Солтүстік Қазақстан облысы Полиция департаментінің мәліметінше, Mazda және Toyota Estima автокөліктері қатысқан жол апаты Астраханка ауылының маңында болған.

Апат салдарынан Mazda көлігінің жүргізушісі және Toyota Estima көлігінің салонында болған жеті адам түрлі дене жарақаттарын алып, медициналық мекемелерге жеткізілді.

Аталған жол-көлік оқиғасы бойынша қылмыстық іс қозғалды.

«Қазіргі уақытта оқиғаның барлық мән-жайы анықталуда. Тергеу нәтижесі бойынша тиісті процессуалдық шешім қабылданады», – деп хабарлады Полиция департаменті.

Тәртіп сақшылары жүргізушілерді жылдамдық режимін сақтауға, жол және ауа райы жағдайын ескеруге, қарсы қозғалыс жолағына шықпауға және көлік тізгінінде барынша мұқият болуға тағы да шақырды.

Тэгтер:

Жол апаты Автокөлік Петропавл Көкшетау автожол