«Заң мен тәртіп»: Астанадағы ботаникалық бақта қоғамдық тәртіпті бұзған шетелдік 15 тәулікке қамалды

Бүгін, 09:11 / Інжу Әлихан
Polisia.kz

«Заң мен тәртіп» қағидатын іске асыру аясында елордалық полиция қоғамдық тәртіпті бұзушылармен күресті үздіксіз жүргізіп келеді. Ботаникалық бақта көпшіліктің көзінше дәрет сындырмақ болған 38 жастағы шетелдік әкімшілік қамауға алынды, деп хабарлайды turkystan.kz қалалық Полиция департаментіне сілтеме жасап.

Шетел азаматы Ботаникалық бақ аумағында көгалдың үстінде көпшілік алдында дәрет сындырып, қоғамдық тәртіпті өрескел бұзып, өзгелерге анық құрметсіздік танытқан.

Оқиға орнына жедел жеткен полиция қызметкерлері заңсыз әрекетті тоқтатып, құқық бұзушыға қатысты әкімшілік материал рәсімдеді.

Сот ұсақ бұзақылық жасағаны үшін ер адамды 15 тәулікке әкімшілік қамауға алу туралы шешім шығарды.

Полиция қоғамдық орындар азаматтардың тынығып, демалуына арналғанын, мұндай әрекеттерге жол берілмейтінін еске салады.

Қоғамдық тәртіп пен қоғамдық мораль нормаларын бұзатын кез келген әрекет заң аясында тиісті бағасын алады.

«Заң мен тәртіп» қағидатын қамтамасыз ету ішкі істер органдары жұмысының басым бағыттарының бірі болып қала береді. Қоғамдық тәртіпті бұзудың әрбір жағдайы дер кезінде тоқтатылып, заң аясында шара қолданылады. Жазаның бұлтартпастығы – құқық бұзушылықтың алдын алу мен азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз етудің негізгі қағидаттарының бірі.

Еске сала кетейік, «Заң мен тәртіп» қағидаты — Қазақстанда Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен мемлекеттік саясаттың маңызды бағыты ретінде жүзеге асырылып жатқан, заңның үстемдігін және қоғамдық тәртіпті қамтамасыз етуге бағытталған қағидат.

Тэгтер:

Астана «Заң мен тәртіп»