Павлодарда өгей қызын зорлаған ер адамға сот үкімі шықты

Бүгін, 07:54 / Нұрлан Әлинұр
istockphoto

Павлодарда әйелі түнгі ауысымда кеткен кезде өгей қызына зорлық жасаған 36 жастағы ер адам өмір бойына сотталды. Бұл туралы "Астана" телеарнасы хабарлады.

Телеарна дерегінше, ер адам өгей қызын жылдар бойы зорлап келген және алғаш рет кішкентай қыздың 8 жасында азғындық әрекеттерін іске асырғаны анықталған. Сондай-ақ ол қызға қоқан-лоқы көрсетіп, одан бұл жайт туралы ешкімге тіс жармауды талап еткен. Осылайша кәмелетке толмаған қыз 11 жасқа толғанда барып, әрекеті әшкере болған. Сот жабық түрде өткен.

"Сот үкімімен Б кінәлі деп танылды. Оған өмір бойына педагогикалық лауазымдарды және кәмелетке толмағандармен жұмыс жасауға байланысты лауазымдарды атқару құқығынан айыру және өмір бойына бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды. Үкім заңды күшіне енген жоқ", - дейді облыстық соттың баспасөз хатшысы Агидель Ибраева.