Астаналық жанкүйер футбол көремін деп айыппұл арқалады (ВИДЕО)

Бүгін, 23:53 / Жамбыл Жайлау

Астанада футбол матчы кезінде аяқ киімін шешіп, ыңғайланып отырған ер адам жауапқа тартылды. Оқиғаның мән-жайын елордалық полиция мен сот өкілдері мәлімдеді, деп хабарлайды turkystan.kz.

Астана қаласы полиция департаментінің Instagram парақшасында тәртіп сақшылары әлеуметтік желілерге мониторинг жүргізу барысында қоғамдық орындағы мінез-құлық нормаларының бұзылғанын анықтағаны айтылды. Оқиға футбол матчын көру кезінде болған.

"Матч барысында ер адамның аяқ киімін шешіп, аяғын алдыңғы орындықтың арқалығына қойғаны анықталды. Ол осылайша айналасындағыларға ашық түрде құрметсіздік танытып, өзге көрермендердің наразылығын тудырған", – деп түсіндірді полиция өкілдері.

Құқық бұзушы 28 жастағы Астана тұрғыны болып шықты.

Астана соттарының Telegram арнасындағы мәліметке сәйкес, ер адам «Астана Арена» спорт кешенінде өткен "Астана" – "Ақтөбе" футбол матчында болған. Ұсақ бұзақылық туралы істі әкімшілік құқық бұзушылықтар жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сот қарады.

"Сот отырысында азамат Т. өз кінәсін толық мойындап, жасаған әрекетіне өкінетінін білдірді және оқиғаның мән-жайын растады. Әкімшілік жаза тағайындау кезінде сот құқық бұзушылықтың сипаты мен қоғамдық қауіптілік дәрежесін, яғни айналасындағыларға әдейі құрметсіздік танытып, қоғамдық тәртіпті бұзғанын ескерді", – делінген сот хабарламасында.

Сот қаулысымен елорда тұрғынына 20 айлық есептік көрсеткіш, яғни 86 500 теңге көлемінде айыппұл салынды.

Сот қаулысы әлі заңды күшіне енген жоқ.