АҚШ тұрғыны Винни Толман тынысы тоқтап, дәрігерлер оны ұзақ уақыт бойы тірілтуге әрекет жасағаннан кейін өмірге қайта оралғанын мәлімдеді. Ер адамның айтуынша, сол сәтте ол "өзге әлемді" көріп, өмір мен өлім туралы түсінігін өзгерткен, деп turkystan.kz тілшісі Daily Mirror басылымына сілтеме жасап хабарлайды.
Оқиға Толман мен оның досы бодибилдингке арналған тыйым салынған қоспаны қабылдағаннан кейін болған. Көп ұзамай екеуінің де жағдайы нашарлап, жақын маңдағы мейрамханаға кірген. Толман дәретханада есінен танып, құлаған кезде басын жарақаттап, тыныс алуды тоқтатқан.
Ер адамның сөзінше, осы сәтте ол өзін денесінен бөлініп, болған жағдайды жоғарыдан бақылап тұрғандай сезінген. Ол мойнының ісініп, бетінің көгергенін көргенін айтады.
Оқиға орнына келген жедел жәрдем қызметкерлері оны бірнеше рет тірілтуге тырысқанымен, алғашқы әрекеттер нәтиже бермеген. Кейін ер адамның денесін арнайы қапқа салып, жедел жәрдем көлігіндегі тәжірибеден өтуші жас маманға қалдырған.
Толманның айтуынша, жас маман оның өмір белгілерін тағы бір рет тексеру керек екенін сезген. Тәжірибеден өтуші қайтадан жасанды тыныс беріп, дефибриллятор қолданған. Үш электр разрядынан кейін ер адамның жүрегі қайта соға бастаған.
Винни Толман бұған дейін шамамен 107 минут бойы тыныс алмағанын мәлімдеді. Осыдан кейін ол үш тәулік комада жатқан.
Ер адамның сөзінше, комада жатқан кезінде өзін жарық пен махаббатқа толы кеңістікте жүргендей сезінген. Сондай-ақ ақ киім киген, Құдайға ұқсас бейнені көргенін айтады. Алайда әлгі бейне өзін Құдай емес, "жол көрсетуші" ретінде таныстырған.
Толман ол жерде айналасындағы барлық нәрсе, тіпті шөптің өзі тірі секілді көрінгенін жеткізді. Бұл әлем оған бұрыннан таныс әрі жақын мекендей әсер қалдырған.
Есін жиғаннан кейін Винни Толман басынан өткерген оқиғасы туралы "Өлімнен кейінгі жарық" атты кітап жазды. Автор еңбегінде адам үшін ең маңыздысы – өз болмысына адал болып, шынайы өмір сүру екенін атап өткен.
Толман бұл жағдайдан кейін оның өмірге, өлімге және адам болмысына деген көзқарасы түбегейлі өзгергенін айтты.