Алматыдағы Сайран жағалауында демалушыларға былапыт сөздер айтқан ер адам мен әйел анықталды. Оларға қатысты әкімшілік іс қозғалды, деп хабарлайды turkystan.kz.
Әлеуметтік желіде тараған видеода микрофон ұстаған екі адамның ән айтып отырып, келушілерді балағаттағаны көрінеді. Жанжалдың нақты неден басталғаны әзірге белгісіз.
Полиция қызметкерлері бейнежазбадағы азаматтардың жеке басын анықтады. Олардың әрекеті ұсақ бұзақылық ретінде бағаланып, әкімшілік материалдар сотқа жолданды.
"Қоғамдық орындарда айналадағыларға құрметсіздік таныту, былапыт сөздер айту және қоғамдық тәртіпті бұзатын өзге де әрекеттер Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес жауапкершілікке әкеп соғады. Заң мен тәртіп әр адамның мәдениетті мінез-құлқы мен өзара сыйластығынан басталады", – делінген Алматы полициясының хабарламасында.