Астана – Петропавл тасжолында көлік өртеніп, үш адам қаза тапты

Бүгін, 20:39 / Жамбыл Жайлау
видеодан скриншот

Ақмола облысындағы Астана – Петропавл тасжолында болған жол апатынан үш адам, оның ішінде бір бала көз жұмды. Оқиға туралы ақпаратты өңірлік полиция департаменті растады, деп хабарлайды turkystan.kz.

Қайғылы жағдай Жаңаталап ауылының маңында болған. Әлеуметтік желіде тараған видеодан жол бойындағы автокөліктің өртеніп жатқанын көруге болады.

Төтенше жағдайлар департаментінің мәліметінше, оқиға орнына ең жақын өрт сөндіру бөлімі шамамен 30 шақырым жерде орналасқан. Құтқарушылар жеткенше жалын көлікті толығымен шарпып үлгерген.

Апат салдарынан автокөлікте болған үш адам қаза тапты. Тағы бір адам түрлі дәрежедегі күйік жарақаттарымен аудандық ауруханаға жеткізілді. Жедел жәрдем келгенге дейін оған трассалық медициналық-құтқару пунктінің мамандары алғашқы көмек көрсеткен.

Қазіргі уақытта оқиға орнында полиция қызметкерлері мен шұғыл қызмет өкілдері жұмыс істеп жатыр. Мамандар жол апатының себептері мен мән-жайын анықтауда.

Қаза болғандардың жеке басы анықталып жатыр. Тексеру нәтижесі бойынша заңға сәйкес процессуалдық шешім қабылданады.

Тэгтер:

Жол апаты видео