Шымкент прокуратурасы тұрғындарды «Таза Қазақстан» акциясын қолдауға шақырды

Бүгін, 17:15 / Алуа Арман

Шымкент қаласының прокуратурасы республикалық «Таза Қазақстан» экологиялық акциясы аясында қоғамдық орындардың ластануына жол бермеу, стихиялық қоқыс орындарын жою және қала тазалығына жауапты көзқарас қалыптастыру бағытында жұмыс жүргізуде, деп хабарлайды turkystan.kz.

Әкімдік, полиция және коммуналдық қызметтермен бірлесіп рейдтік іс-шаралар жүргізіліп, заңсыз қоқыс тасталған орындар анықталуда, оларды жою бойынша шаралар қабылдануда, сондай-ақ кінәлі тұлғаларды заңда белгіленген жауаптылыққа тарту мәселесі қойылуда.

Сонымен бірге тек рейдтер, тазалық жұмыстары мен айыппұлдар жеткіліксіз. Қаланың тазалығы әрбір тұрғынның жеке жауапкершілігінен басталады. Жерге тасталған әрбір пакет, бөтелке немесе құрылыс қалдығы аулалардың, көшелердің, арықтардың, балалар алаңдары мен қоғамдық орындардың санитарлық жағдайына кері әсер етеді.

Шымкент қаласының прокуратурасы тұрғындарды бейжай қалмауға шақырады: қоқысты белгіленбеген жерге тастамауға, балаларға жеке үлгі көрсетуге және туған қалаға жанашырлықпен қарауға үндейді.

Еске сала кетейік, «Таза Қазақстан» — Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен қолға алынған ауқымды республикалық экологиялық акция. Жоба қоршаған ортаны қорғауға, тазалықты сақтауға және ұлттық экологиялық мәдениетті қалыптастыруға бағытталған.

Тэгтер:

Шымкент Таза Қазақстан