Қазақстан Ішкі істер министрлігінің мәліметінше, шетел азаматы Интерполдың көмегімен ұсталған. Қазір оны Қазақстанға экстрадициялау мәселесі қаралып жатыр. Ал Kyzdar.net сайтының ұйымдастырушылары мен өзге де қатысы бар тұлғаларға қатысты тергеу жалғасуда, деп хабарлайды turkystan.kz.
Ішкі істер министрлігі Kyzdar.net интернет-ресурсына қатысты қылмыстық істі тергеудің жаңа нәтижелері туралы мәлімдеді. Қазіргі уақытта сайтқа Қазақстан аумағында қолжетімділік шектелген, ал ұйымдастырушылар мен оған қатысы бар басқа тұлғаларға қатысты тергеу амалдары жалғасып жатыр.
ІІМ баспасөз қызметінің хабарлауынша, Мәдениет және ақпарат министрлігімен бірлесіп, Kyzdar.net интернет-ресурсына Қазақстан аумағында қолжетімділік шектелді.
Сонымен қатар құқық қорғау органдары Бас прокуратураның қатысуымен халықаралық құқықтық көмек тетіктерін жүзеге асыруда. Бұл шаралар шетелдің құзыретті органдары арқылы процессуалдық тапсырмаларды орындауға, электрондық дәлелдемелерді алуға және сайттың серверлік инфрақұрылымына қатысты кейінгі тергеу әрекеттерін жүргізуге бағытталған.
Қылмыстық іс Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 309-бабы («Жезөкшелікпен айналысу немесе өзге де сексуалдық сипаттағы қызметтер көрсету үшін притондар ұйымдастыру немесе ұстау және жеңгетайлық») бойынша тергеліп жатыр. Ведомствоаралық жедел-тергеу тобының құрамына ІІМ қызметкерлері, Қаржылық мониторинг агенттігінің «Криптон» арнайы бөлімшесінің мамандары және прокуратура өкілдері кірген.
Министрліктің мәліметінше, маусым айының басында ІІМ қызметкерлері Қаржылық мониторинг агенттігімен бірлесіп қылмыстық істің негізгі фигуранттарын ұстаған. Қазіргі уақытта тергеу және процессуалдық іс-шаралар кешені жалғасуда.
Тергеу барысында аффилиирленген жеке және заңды тұлғалардың қызметі, сондай-ақ интернет-ресурсты құру мен оның жұмысын қамтамасыз ету кезінде ақпараттық технологияларды пайдалану мәселелері де тексеріліп жатыр.
Сонымен қатар Қаржылық мониторинг агенттігімен бірлесіп күдіктілер мен олармен байланысты тұлғалардың қаржы ағындары, мүліктік активтері және қаржы-шаруашылық қызметі талдануда. Мүлікті ықтимал тәркілеуді қамтамасыз ету мақсатында күдіктілердің ақшалай қаражатына, жылжымайтын мүлкіне және басқа да активтеріне тыйым салынды.