Петропавлда итке бірнеше рет пышақ сұққан тұрғын сот алдында жауап береді

Бүгін, 14:20 / Інжу Әлихан
Polisia.kz

Петропавлда күндіз көпқабатты тұрғын үйлердің біріндегі аулада итке қатыгездікпен жасалған оқиға тұрғындардың наразылығын туғызды. Барсик есімді ит Кәрім Сүтішев көшесіндегі үйдің ауласын мекендеген. Тұрғындар оған арнайы күрке жасап беріп, тұрақты түрде қамқорлық көрсетіп келген. Олардың айтуынша, ит шынжырға байлаулы болғандықтан, айналасындағыларға ешқандай қауіп төндірмеген, деп хабарлайды turkystan.kz.

Оқиға бір ай бұрын болған. Тергеу мәліметіне сәйкес, мас күйдегі ер адам белгісіз себеппен аулада байлаулы тұрған итке шабуыл жасаған. Қолындағы ас үй пышағымен жануарға бірнеше рет соққы жасап, ауыр жарақат салған. Оқиға тұрғындардың көз алдында болған.

Полицейлер күдіктінің жеке басын жедел анықтады. Ол бұрын ұрлық жасағаны үшін сотталған 47 жастағы Петропавл қаласының тұрғыны болып шықты.

Қажетті тергеу әрекеттері аяқталғаннан кейін қылмыстық іс материалдары жануарға қатыгездікпен қарап, оның қаза болуына әкеп соқтырды деген айыппен сотқа жолданды.

Қолданыстағы заңнамаға сәйкес, мұндай құқық бұзушылық үшін 200 айлық есептік көрсеткішке дейінгі мөлшерде айыппұл салу немесе 50 тәулікке дейін әкімшілік қамауға алу жазасы көзделген.