Алматыда 10-қабаттан құлаған бойжеткен аман қалды

Бүгін, 12:48 / Алуа Арман
istockphoto.com

Алматы дәрігерлері тұрғын үй кешендерінің бірінің 10-қабатындағы балконнан құлап кеткен 20 жастағы бойжеткеннің өмірі мен денсаулығы үшін күресіп жатыр. Ауыр жарақат алғанына қарамастан, дәрігерлер оның жағдайында оң өзгерістер бар екенін айтты: науқас есін жиып, алдағы отаға дайындалып жатыр, деп хабарлайды turkystan.kz.

Қайғылы оқиға түнде болған. Куәгерлердің айтуынша, оқиға алдында бойжеткен жігітімен қатты дауласып жатқан. Үй тұрғындары олардың жанжалын естіген. Куәгер Ақмаралдың сөзінше, ол айқайдан оянып кеткен. Терезеден қараған кезде бойжеткен 10-қабаттың балконында тұрған. Куәгерлердің айтуынша, ол секіріп кететінін айтып қорқытқан.

«Ол балконға шығып кетті. Балконның қоршауында тұрды. “Маған жақындамаңдар. Қазір секіремін”, – деді. Біз оны әңгімеге тартып, тыныштандыруға тырыстық. Бірақ ол тек Шаяхметті шақырып: “Шаяхмет, Шаяхмет, мен сені жақсы көремін. Шаяхмет, сен маған опасыздық жасадың”, – деп айтты», – дейді куәгер.

Бірнеше сәттен кейін бойжеткен төменге құлап кеткен. Әуелі кіреберістің қалқасына, кейін жерге құлаған. Осындай биіктіктен құлағанына қарамастан, ол аман қалған.

Зардап шеккен қыз ауыр халде №7 қалалық клиникалық ауруханаға жеткізілді. Дәрігерлер одан көптеген жарақат анықтап, бірден медициналық көмек көрсете бастаған.

Аурухана директорының міндетін атқарушы Марат Әлиевтің айтуынша, науқастың жағдайын тұрақтандыру мүмкін болған.

«Оң динамика байқалады. Науқастың өздігінен тыныс алуы қалпына келтірілді, жасанды тыныс алу аппаратынан ажыратылды, есін жиды. Жағдайы тұрақтандырылып, бейінді бөлімшеге ауыстырылды», – деді ол.

Полицияның мәліметінше, қарастырылып жатқан негізгі нұсқалардың бірі – бойжеткен мен осы тұрғын үй кешенінде тұратын 25 жастағы жігітінің арасындағы жанжал. Алайда құқық қорғау органдары қазіргі уақытта іс бойынша күдікті жоқ екенін атап өтті.

«Егер қандай да бір адамның қатысы бары анықталса, міндетті түрде тиісті шаралар қабылданады. Жас жігіт күдікті ретінде танылған жоқ», – деп хабарлады Алматы қалалық Полиция департаментінің баспасөз қызметі.

Ал жігіттің өзі журналистермен телефон арқылы сөйлескенде, бұған дейін араларында елеулі жанжал болмағанын айтты. Оның сөзінше, бұл оқиға өзі үшін де үлкен күйзеліс болған. Сондай-ақ ол бойжеткеннің өзіне зиян келтіруге жасаған екінші әрекеті екенін, ал алғашқы жағдайда қайғылы оқиғаның алдын өзі алғанын мәлімдеді.

Қазіргі уақытта бойжеткеннің өміріне қауіп төніп тұрған жоқ. Алда оған ота жасалып, ұзақ уақыт ем қабылдап, оңалту курсынан өтуі қажет.

Тэгтер:

Терезе балкон бойжеткен Құлау биік