Қостанайдағы «Жанұя» балалар үйінің 14 жастағы тәрбиеленушісі достарымен бірге өзенге барып, суға батып кеткен, деп хабарлайды turkystan.kz.
Қостанай облыстық Төтенше жағдайлар департаментінің мәліметінше, қайғылы оқиға жылыжай кешені маңындағы шомылуға рұқсат етілмеген жерде болған.
Үш жасөспірім тәрбиешіден футбол алаңына барамыз деп рұқсат сұраған. Алайда олар футбол алаңына емес, өзенге балық аулауға кеткен.
Балық аулап жүрген кезде жасөспірімдердің бірінің қармақ жібі шатасып қалған. Ол жіпті шешуге тырысып, суға кіргенімен, өздігінен жағаға шыға алмай қалған. Күшті ағыс баланы алып кеткен.
Оқиға орнына жедел түрде төтенше жағдайлар қызметінің мамандары жетті. Іздестіру жұмыстары келесі күнге дейін жалғасты.
«Қостанай облысы Төтенше жағдайлар департаментінің жедел-құтқару жасағының сүңгуірлері жүргізген іздестіру жұмыстары барысында марқұмның денесі су айдынының түбінен табылып, жағаға шығарылды. Сот-медициналық сараптама тағайындалды», – деп хабарлады Қостанай облысының ТЖД.
Қазіргі уақытта оқиғаның барлық мән-жайы анықталып жатыр.