«Өзге ер адаммен сахнаға қалай шығасыз?»: Жұлдыз Әбдікәрімова оқырман сынына жауап берді

Бүгін, 06:57 / Нұрлан Әлинұр
Әлеуметтік желіден

Актриса Жұлдыз Әбдікәрімова актер Азамат Сатыбалдымен бірге түскен суреттеріне қатысты әлеуметтік желіде айтылған сын-пікірлерге жауап берді, деп хабарлайды turkystan.kz.

Өнер иесі Instagram Stories бөлімінде оқырмандардың өзіне жолдаған пікірлерін жариялап, актерлік қызметіне қатысты ойын білдірді.

«Кей оқырмандар былай депті: "Сіз тұрмыстағы әйелсіз, күйеуіңіз, балаларыңыз, ағайын-туыс қарап отырғанда бұлай фотоға түсуге болмайды. Өзге ер адаммен сахнаға қалай шығасыз?" – деп сөгіпті. Енді жауап берейін», – деп жазды актриса.

Кейін ол актерлік өнерді өзге мамандықтармен салыстырып, былай деді:

«Бұл менің мамандығым! Мәселен сіз дәрігерсіз. Хирург. Сонда алдыңызға жаны қиналып, ота жасауға келген науқасқа: "Кешіріңіз, мен тұрмыстағы адаммын, күйеуім/әйелім бар. Өзге еркекке немесе әйелге ота жасамаймын!" – дейсіз бе? Түсіндіре алдым ба өзі?»

Сонымен қатар актриса өзінің жеке өміріне қатысты жалған ақпарат таратпауға шақырып, бұқаралық ақпарат құралдары мен әлеуметтік желідегі парақшаларға ескерту жасады.

«Ескерту. Сенсация қуып, жарыса жазып жатқан барша БАҚ өкілдеріне, сары басылымдар мен пабликтерге айтарым! Бәрін де көріп, оқып отырмын. Рейтинг қуамын деп, отбасыма, жеке басыма қатысты жалған ақпарат таратып, сотта кездесіп жүрмейік», – деп жазды Жұлдыз Әбдікәрімова.