Жаңалықтар

«Шекарасыз репортерлер»: Тәжікстанда сөз бостандығының жағдайы мүшкіл

ашық дереккөзі

«Шекарасыз репортерлер»: Тәжікстанда сөз бостандығының жағдайы мүшкіл

Тәжікстан үкіметі терроризммен күресті желеу етіп, саяси оппозицияны жойды, енді тәуелсіз БАҚ-қа қысым көрсетіп жатыр. Халықаралық "Шекарасыз репортерлер" үкіметтік емес ұйымының "Баспасөз еркіндігі индексінде" Тәжікстан 149-орын алды. RSF сарапшыларының пікірінше, "Тәжікстанда қауіпсіздік қызметкерлері тәуелсіз журналистерді тергеуге шақырып, оларды қорқытып-үркітіп отыр". "Тәжікстан билігі әлеуметтік желілер мен ақпараттық веб-сайттарды үнемі бұғаттайды. 2016 жылы бұл елде бірнеше тәуелсіз басылым жабылды, үкімет БАҚ саясатына мемлекеттік бақылауды күшейтті", - деп жазды ұйым сарапшылары. Баспасөз еркіндігі шектелген елдер кіретін "қызыл аймақтан" Тәжікстанмен бірге Ресей, Беларусь және Қазақстанды көруге болады. Тәжікстан билігі жыл сайынғы "Баспасөз еркіндігі индексінің" шынайылығына күмен келтірді. Тәжікстан парламенті төменгі палатасының ақпарат және халықаралық істер жөніндегі төрағасы Олим Салимзоданың мәлімдеуінше, ұйым баяндамасы Тәжікстандағы жағдайды толық сипаттамайды. Оның пікірінше, республикада сөз еркіндігінің жағдайы, Орталық Азиядағы басқа да елдермен салыстырғанда, әлдеқайда жақсы. Бір жыл бұрын "Шекарасыз репортерлер" Тәжікстанда тәуелсіз баспасөзге қысымның күшеюін сынға алып, тәжік журналистикасының жағдайын "қауіпті" деп бағалаған еді.