"Аға деген ақ көңіліңнен айналдым": Димаш Құдайберген Жүрсін Ерманға арнайы сәлем берді (ВИДЕО)

13 шілде, 2026 / Жамбыл Жайлау
Malim.kz

Қатонқарағайда концерт өткізген Димаш Құдайберген өнер кешінен кейін айтыстың көрнекті өкілі Жүрсін Ерманға арнайы барып, сәлем берді. Әнші ақынның хал-жағдайын сұрап, денсаулығына алаңдаушылық білдіріп, үлкенге деген құрметін көрсетті, деп turkystan.kz тілшісі Malim.kz сайтына сілтеме жасап хабарлайды.

Кездесу туралы айтыскер ақын Нұрлан Есенқұлов Instagram парақшасында жазды. Ол Өр Алтайда Димашпен жүздескенін айтып, әншіге арналған жыр жолдарын жариялады.

"Өр Алтайдың төрінде Димаш бауырыммен дидарласу бұйырды. Кешегі айтыста бір қайырым айтып едім", – деп жазды ақын.

Кездесу барысында Нұрлан Есенқұлов Димаш Құдайбергенге арнаған өлеңін оқып берді.

"Ақынның адалдығы аңқып тұрса,
Қаймағын қара сөздің қалқып тұрса.
Күліктер аламанда құстай ұшып,
Жігіттер көк серкені тартып тұрса.
Қағандар жазығында алау жағып,
Қызуы бет жүзіңді шарпып тұрса.
Жезтаңдай әншілерім ән салғанда,
Қайың иіп, қарағай балқып тұрса.
Той-думанның төресі сол емес пе,
Беделің, абыройың артып тұрса.
Дидахметті тудырған Өр Алтайым,
Димаштың әніменен шалқып тұрса", – деді айтыскер.

Әлеуметтік желі қолданушылары Димаш Құдайбергеннің Жүрсін Ерманға арнайы барып, жағдайын сұрағанын жоғары бағалады. Көпшілік әншінің үлкенге көрсеткен құрметі мен інілік ізетін үлгі етті.

Тэгтер:

Димаш Құдайберген Жүрсін Ерман