Шығыс Қазақстан облысы Глубокое ауданы Уварово ауылында жеке тұрғын үйден шыққан өрт салдарынан екі адам қаза тапты, деп хабарлайды turkystan.kz.
ШҚО Төтенше жағдайлар департаментінің мәліметінше, өрт Орталық көшесінде орналасқан тұрғын үйде болған.
Өрт сөндірушілер келгенге дейін 78 жастағы үй иесі жалын шарпыған үйден өздігінен шығып үлгерген. Алайда ол түтінге уланып, ауыр халде болған.
Оқиға орнына жеткен Апаттар медицинасы орталығының мамандары ер адамға реанимациялық көмек көрсеткенімен, оның өмірін сақтап қалу мүмкін болмады.
Өртті сөндіру кезінде Төтенше жағдайлар департаментінің қызметкерлері үй ішінен үй иесінің 73 жастағы жұбайының мәйітін тапты.
Өрт 80 шаршы метр аумақта толық сөндірілді.
Қазіргі уақытта өрттің шығу себебі анықталып жатыр.