Ақтөбе тұрғыны Pinduoduo арқылы кастет алдырып, сотқа тартылды

Бүгін, 13:30 / Алуа Арман
istockphoto.com

Ақтөбе тұрғыны Pinduoduo мобильді қосымшасы арқылы кастетке тапсырыс бергеннен кейін суық қаруды заңсыз алып жүргені үшін кінәлі деп танылды, деп хабарлайды turkystan.kz.

Ер адам Pinduoduo қосымшасы арқылы суық қару санатына жататын кастетті 1 мың теңгеге сатып алған.

Кейін ол компьютерлік клубқа барған. Клубтан шыққан соң Ақтөбе қаласындағы саябақтардың бірінде патрульдік полиция қызметкерлері оны тоқтатып, тексеру барысында жанынан кастет тапқан.

Сотта айыпталушы өз кінәсін толық мойындап, жасаған ісіне өкініш білдірді.

Оның кінәсі полиция қызметкерінің рапортымен, маманның қорытындысымен және қылмыстық іс материалдарындағы өзге де дәлелдермен расталды.

Сот кінәні мойындауын, шынайы өкінуін және бұрын сотталмағанын жеңілдететін мән-жайлар ретінде ескерді. Ал жауапкершілікті ауырлататын мән-жайлар анықталған жоқ.

Сот үкімімен ер адам Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 287-бабының 1-бөлігі бойынша кінәлі деп танылып, оған 40 сағат қоғамдық жұмыс түріндегі жаза тағайындалды.

Сот үкімі заңды күшіне енді.

Тэгтер:

Ақтөбе кастет