Тұрақты қан донорларына мемлекеттік награда тағайындалды

Бүгін, 11:23 / Інжу Әлихан
Денсаулық сақтау министрлігі

Үкімет қаулысымен қан донорлары үшін алғаш рет ресми түрде «Құрметті донор» марапаты тағайындалды, деп хабарлайды turkystan.kz.

Денсаулық сақтау министрлігінің мәліметінше, Құрмет белгісінің алғашқы иегерлері бекітілген талаптарға толық сәйкес келетін 481 тұрақты донор болады. Үкімет қабылдаған қаулыға сәйкес, ведомстволық төсбелгі Қазақстан азаматтарына, сондай-ақ шетелдіктер мен азаматтығы жоқ адамдарға өтеусіз негізде донорлық жасағаны үшін беріледі. Атап айтқанда, қан және (немесе) тромбоцит донорлығы – кемінде 40 рет, қан плазмасының донорлығы – кемінде 70 рет болуы тиіс.

Бұл шешім арқылы Үкімет адам өмірін құтқару жолында тұрақты әрі өтеусіз донорлық жасап жүрген қазақстандықтардың еңбегіне тарихи әділдік орнатты. Енді олардың игі ісі ерекше мәртебемен айқындалып, жоғары бағаланып отыр.

Төсбелгілерін дайындауды Қазақстан теңге сарайы жүзеге асырады. Медальдің әрбір бөлшегі терең мағыналық мәнге ие және ҚР Геральдика жөніндегі республикалық комиссиясы бекіткен.

Бекітілген дизайнға сәйкес төсбелгінің негізгі символы қанық қызыл түсті эмальмен көмкерілген қан тамшысы түрінде жасалған. Тамшының ішінде ақ түсті эмальмен бейнеленген жүрек соғысының графикалық ырғағы орналасқан. Барлық композиция күңгірт өңделген дөңгелек жиекпен қоршалған.

Жыл сайын Қазақстанда 180 мыңнан астам азамат донор атанып, 255 мыңнан астам донорлық рәсім жасайды. Соның нәтижесінде жыл сайын 80 мыңнан астам пациентке сапалы қан құю көмегі көрсетіліп, олардың өмірін сақтап қалуға және сауығуына мүмкіндік беріледі.

«Халық денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі туралы» ҚР Кодексіне сәйкес медициналық тексеруден өту және қан мен оның компоненттерін тапсыру күндері донор болып табылатын қызметкер жұмыс беруші тарапынан орташа жалақысы сақтала отырып жұмыстан босатылады.

Тэгтер:

Қан донор Награда марапат