Корея инженерлері созылатын дисплей жасап шығарды

Бүгін, 18:45 / Ербұлан Қайрат
сурет: istockphoto.com

Оңтүстік Корея ғалымдары созылған кезде мәтін мен суреттің пішінін бұзбай сақтай алатын жаңа буын дисплей технологиясын әзірледі. Жобаны KAIST және Донг-А университетінің зерттеушілері бірлесіп жүзеге асырған, деп хабарлайды turkystan.kz.

Зерттеу нәтижелері Nature Communications журналында жарияланды. KAIST мәліметінше, жаңа платформа экран 15 пайызға дейін созылған жағдайда да бейненің бастапқы пропорциясын сақтауға мүмкіндік береді. Бұл икемді және созылмалы электроника саласындағы маңызды қадам саналады.

Қазіргі созылмалы дисплейлердің басты кемшілігі бар. Экран бір бағытта созылған кезде, екінші бағытта қысқарып, нәтижесінде әріптер мен суреттердің пішіні бұзылады. Мұндай деформация экрандағы ақпаратты дұрыс көруге кедергі келтіреді.

Кореялық инженерлер бұл мәселені ауксетикалық құрылымдар арқылы шешкен. Мұндай құрылымдардың ерекшелігі, олар тартылған кезде тек ұзындық бойынша ғана емес, ені бойынша да кеңейеді. Соның арқасында экран барлық бағытта біркелкі созылады.

Зерттеудің негізгі жаңалығы дисплей қабаттарын толық жабыстырудан бас тартуында. Бұрын мұндай құрылымдарда созылу кезінде пайда болатын бұралу мен жергілікті қысым экран бетіне тікелей беріліп, бейнені бұрмалайтын. Жаңа әдісте ауксетикалық құрылым мен эластикалық негіз тек нақты есептелген нүктелерде ғана біріктірілген.

Осы тәсілдің арқасында экранның әр бөлігі бастапқы орнынан біркелкі жылжиды. Нәтижесінде тек жалпы дисплей ғана емес, оның ішіндегі ұсақ элементтер, әріптер мен суреттер де пропорциясын жоғалтпай кеңейеді.

Ғалымдар технологияны әріптер мен бейнелер салынған үлгілерде сынап көрген. Дәстүрлі тәсілде суреттер жергілікті түрде бұрмаланса, жаңа платформада бейнелер созылғаннан кейін де бастапқы пішінін сақтаған.

Зерттеушілер дисплейдің жұмыс қабілетін тексеру үшін оған жарықдиодты матрица да орнатқан. Сынақ кезінде экран көлденең және тік бағытта 15 пайызға дейін созылғанда да тұрақты жұмыс істеген. Көп рет созылғаннан кейін жарықтықтың төмендеуі 2 пайыздан аспаған.

KAIST профессоры Сынхёп Юдың айтуынша, созылмалы дисплейлерді нақты ақпарат көрсету құрылғысы ретінде қолдану үшін олардың тек жақсы созылуы жеткіліксіз. Ең маңыздысы, экран созылған кезде ондағы ақпарат дәл әрі бұрмаланбай сақталуы керек.

Мамандардың пікірінше, бұл технология болашақта пішінін өзгерте алатын электрониканың негізгі платформаларының біріне айналуы мүмкін. Оны киілетін құрылғыларда, электронды теріде, медициналық биосенсорларда, иілген автомобиль экрандарында және жұмсақ робототехникада қолдануға болады.

Ғалымдар әзірлеген шешім созылмалы дисплейлерді тәжірибелік деңгейден нақты өнімге жақындата түседі. Егер технология өндірістік масштабта тиімділігін дәлелдесе, болашақ экрандар бүгілумен ғана шектелмей, созылып, қозғалып, әртүрлі бетке бейімделе алатын деңгейге жетуі мүмкін.

Тэгтер:

Корея дисплей