Жамбылдық кәсіпкер лицензиясынан айырылып, ірі көлемде айыппұл салынды

Бүгін, 11:09 / Алуа Арман
istockphoto.com

Қоғамдық тәртіпті нығайту және салауатты өмір салтын насихаттау мақсатында Жамбыл облысының Байзақ ауданында «Алкогольсіз ауыл» бастамасы іске асырылуда, деп хабарлайды turkystan.kz.

Атап айтқанда, аудан прокуратурасының үйлестіруімен, сондай-ақ ақсақалдар мен жергілікті тұрғындардың қолдауымен Абай, Базарбай және Байзақ ауылдарында алкогольдік ішімдіктерді сату толығымен тоқтатылды. 

Сонымен қатар, алкоголь айналымы саласындағы заңнаманың сақталуына бақылау күшейтілді. Заңнама талаптарын бұзғаны үшін ӘҚБтК-нің 200-бабымен 25 адам әкімшілік жауаптылыққа тартылды. 

Мәселен, Байзақ аудандық сотының 2026 жылғы 26 ақпандағы қаулысымен ірі супермаркеттердің бірі тәуліктің тыйым салынған уақытында алкогольдік өнімдерді сатқаны үшін кінәлі деп танылып, ӘҚбК-нің 200-бабы бойынша 432 мың теңге мөлшерінде айыппұл салып, лицензиясының қолданылуын бір ай мерзімге тоқтата отырып, әкімшілік жауапктылыққа тартылды.

Алайда, енгізілген шектеулерге қарамастан, рейдтік іс-шаралар барысында лицензия тоқтатылған кезеңде алкогольдік өнімдерді сақтау фактісі анықталды.  

Прокурорлық қадағалау актісі бойынша кәсіпорын ӘҚБтК-нің 282-бабының 1-бөлігінің 7) тармағы бойынша кінәлі деп танылып, лицензиядан айыра отырып, 3 млн теңгеден астам мөлшерде айыппұл түрінде әкімшілік жазаға тартылды. 

Қабылданған шаралар мас күйінде жасалған қылмыстар санының 73,4%-ға төмендеуіне ықпал етті. 

Прокуратура азаматтарды алкогольдік өнімдердің айналымы саласындағы заңнаманың талаптарын мүлтіксіз сақтауға шақырады.  

Тэгтер:

Айыппұл кәсіпкер Жамбыл облысы