Алдағы Құрылтай сайлауы Қазақстанның жаңа Конституциясында белгіленген саяси модельді іс жүзінде жүзеге асырудың алғашқы маңызды кезеңіне айналады. Сарапшылардың пікірінше, сайлау науқанының ашық әрі заң талаптарына сай өтуі жаңа мемлекеттік институттардың орнығуына және қоғамның оларға деген сенімінің қалыптасуына тікелей әсер етеді, деп хабарлайды turkystan.kz.
Құрылтай сайлауының конституциялық негіздері мен елдегі саяси трансформация мәселелері сарапшылардың қатысуымен өткен арнайы талқылау алаңында қаралды. Құқықтанушылар, саясаттанушылар, әлеуметтанушылар мен басқа да сала мамандары жаңа өкілді органды қалыптастырудың ерекшеліктері, саяси партиялардың рөлі және қоғамдық бақылау тетіктері туралы пікір алмасты.
Сарапшылар жаңа Конституция Құрылтайдың мемлекеттік билік жүйесіндегі орнын айқындап қана қоймай, сайлау процесінің негізгі құқықтық стандарттарын да белгілейтінін атап өтті. Осыған байланысты азаматтардың сайлау құқықтарын қорғау, сайлаудың ашықтығын қамтамасыз ету және заң бұзушылықтарға жедел әрекет ету мәселелеріне ерекше назар аударылды.
VIII шақырылымдағы Мәжілістің экс-депутаты Марат Башимовтың айтуынша, Құрылтай сайлауын өткізу барысында Конституцияда белгіленген қағидаттардың толық сақталуы маңызды. Оның пікірінше, Негізгі Заң жаңа өкілді органның өкілеттігі мен мемлекеттік басқару жүйесіндегі орнын нақты айқындайды.
Саясаттанушы, VIII шақырылымдағы Мәжілістің экс-депутаты Айдос Сарым алдағы сайлау жаңа конституциялық модельдің алғашқы практикалық сынағы болатынын айтты.
Оның пікірінше, алғашқы сайлаудың ұйымдастырылу сапасы жаңа саяси институттардың тұрақтылығын және азаматтардың оларға деген сенім деңгейін айқындайды. Сондықтан сайлау процесінің ашықтығы, заңдылығы және әділдігі ерекше мәнге ие.
ҚР Әділет министрлігінің Заңнама және құқықтық ақпарат институтының директоры Жанар Жігітекова сайлау заңнамасын бұзу фактілері бойынша сот арқылы қорғалу, шағымдану тетіктері мен заңдық жауапкершілік мәселелерінің маңызын атап өтті. Оның айтуынша, азаматтардың өз құқықтарын қорғауына мүмкіндік беретін нақты және тиімді құқықтық тетіктер сайлау процесіне деген сенімді арттырады.
Сарапшылар Құрылтайды партиялық тізімдер арқылы қалыптастыру саяси партиялардың ел өміріндегі рөлін күшейтетінін атап өтті. Жаңа электоралдық жағдайда партиялар тек сайлау науқаны кезінде ғана емес, тұрақты түрде азаматтармен жұмыс істеп, қоғамдағы түрлі әлеуметтік топтардың мүдделерін білдіруі қажет.
Саясаттанушы Эдуард Полетаевтың пікірінше, Құрылтайды партиялық тізімдер арқылы қалыптастыруға көшу саяси партиялардың қоғам мен мемлекет арасындағы негізгі байланыстырушы институт ретіндегі маңызын арттырады.
Бұл партиялардан бағдарламалық ұстанымдарын нақтылауды, ішкі жұмысын жетілдіруді және сайлаушылар алдында жауапкершілігін күшейтуді талап етеді.
Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің проректоры, саясаттанушы Индира Рыстина партиялардың идеологиялық бірегейлігін нығайту және кадрлық әлеуетін дамыту қажеттігін атап өтті. Оның пікірінше, саяси ұйымдар қоғамдағы өзгерістерді дер кезінде түсініп, әртүрлі әлеуметтік топтардың қажеттіліктеріне негізделген ұсыныстар әзірлеуі тиіс.
Саясаттанушы әрі медиаменеджер Сырым Иткулов қазіргі саясаттағы популизм мен кәсіби басқару тәсілінің арақатынасына назар аударды. Ол азаматтардың ұзақ мерзімді сенімі эмоциялық ұрандар арқылы емес, нақты шешімдер, кәсіби жұмыс және партиялардың мазмұнды қызметі арқылы қалыптасатынын айтты.
Қазақстандық қоғамдық даму институты Басқармасының төрайымы Жұлдызай Ысқақова партиялардың түрлі аудиториялармен мақсатты жұмыс істеуіне көшу қажеттігін атап өтті. Сонымен қатар ол әйелдердің саяси көшбасшылығын дамытуға және олардың шешім қабылдау процесіне қатысу мүмкіндігін кеңейтуге ерекше назар аударды.
Сарапшылардың ортақ пікірінше, Құрылтай сайлауы тек жаңа өкілді органды қалыптастыру науқаны емес. Ол саяси партиялардың әлеуетін, сайлау жүйесінің тиімділігін және жаңа Конституцияда белгіленген қағидаттардың іс жүзінде қалай орындалатынын көрсететін маңызды саяси кезең болмақ.