«Өз тамырымды тереңірек сезінген сапар болды»: Мұстафа Өзтүріктің қызы ата-бабасының кесенесіне зиярат етті

Бүгін, 10:00 / Інжу Әлихан
жеке парақшасынан

Даңқты спортшы,таеквондодан алты дүркін әлем чемпионы Мұстафа Өзтүріктің қызы Неслихан Өзтүрік ата-бабасының туған жері – Абай облысындағы Мақаншы ауданына барып, Туматай баба ұрпақтарының кесенесіне зиярат еткенін айтты, деп хабарлайды turkystan.kz.

«Кейде адамның жолы алға емес, өз тамырына қайта апарады.

Маған сондай ерекше күн бұйырды. Мақаншы ауылы Мақаншы ауданы Бақты ауылына барып, ата-бабамның мекені – Туматай баба ұрпақтарының кесенесіне зиярат еттім. Бұл сапар мен үшін жай ғана жол емес, өткеніммен қауышқан, өз тамырымды тереңірек сезінген рухани сапар болды.

«Ата жұртым» деп келгенде мені құшақ жая қарсы алған барша туған-туыстарыма шын жүректен алғысымды білдіремін. Сіздердің ыстық ықыластарыңыз, ақ пейілдеріңіз бен мейірімдеріңіз жүрегіме ерекше жылулық сыйлады», – деді Н. Өзтүрік.

Сондай-ақ ол ақсақалдардың батасын алып, туған-туыстары мен сапарды ұйымдастыруға атсалысқан азаматтарға алғысын білдірді.

«Туматай әулетінің бүгінгі ең үлкен ақсақалы Ахмет атамыздың ақ батасын алу – мен үшін үлкен бақыт әрі өмірлік өнеге.

Алматыдағы ауруханадан енді ғана шығып, денсаулығына қарамастан біз үшін арнайы келіп, ата-тегіміздің шежіресін тарқатып, тарихымызды жан-жақты түсіндіріп берген Союзбек ағама айтар алғысым шексіз.

Осы сапар барысында жолымызды күтіп, жанымыздан табылып, ерекше құрмет көрсетіп, қолдау білдірген Бауыржан Мәулітқанұлына, Мақаншы ауданы әкімінің орынбасары Рахат Шәріпұлына, Бақты ауылдық округінің әкімі Медет Ержанұлына, Әбен Тұйтынұлына және Алмас Ахметұлы ағама шынайы ризашылығымды білдіремін.

Сонымен қатар, жас ұрпақты спортқа баулып, дұрыс бағыт-бағдар беріп жүрген жаттықтырушы Ержан Маратұлына шәкірттеріңіз биік белестерді бағындыра берсін деген ақ тілегімді жолдаймын.

Алла барша ағайынға амандық, мықты денсаулық, әр шаңыраққа бақ-береке нәсіп етсін!», – деді ол.