Павлодар облысы Баянауыл ауданында полиция қызметкерлері 9 жастағы баланы аман-есен тауып, ата-анасына табыстады, деп хабарлайды turkystan.kz.
Таңғы сағат 05:00 шамасында патрульдеу кезінде патрульдік полиция қызметкерлері Қанат Еркеболат пен Нұрбек Қайкенов "серпантин" жолымен ересектерсіз жалғыз кетіп бара жатқан баланы байқайды. Полицейлер дереу тоқтап, баланың аты-жөнін және қайда бара жатқанын сұраған. Алайда ол нақты жауап бере алмаған. Осыдан кейін тәртіп сақшылары баланы қызметтік автокөлікке отырғызып, полиция бекетіне қарай жолға шыққан. Жол бойында бала туыстарының демалып жатқан орнын немесе үйін көрсетіп қалар деген үміт болған.
– Анықталғандай, бала жаз мезгілінде ата-анасымен бірге Жасыбай көлінде тұрады. Таңғы сағат төрттер шамасында әкесі жұмысқа кеткен. Ұйқыдан оянған бала әкесінің соңынан бармақ болып, үйден өз бетінше шығып кеткен. Сол сәтте анасы ұйықтап жатқан. Қауіптің мәнін түсінбеген бүлдіршін шамамен жеті шақырым жаяу жүріп, тасжолға дейін жеткен. Біз оны байқаған бойда ата-анасын іздеуге кірістік. Абырой болғанда, оқиға сәтті аяқталды. Бала дін аман, өмірі мен денсаулығына ешқандай қауіп төнген жоқ. Анасы мен балаға мұндай жағдайдың қайталанбауы үшін профилактикалық түсіндіру жұмыстары жүргізілді, – деді Павлодар қаласы полиция басқармасының кәмелетке толмағандар істері жөніндегі инспекторы Рабиға Жүнісова.
Кейін бала анасына табысталды. Анасы полиция қызметкерлеріне қырағылығы, кәсібилігі және дер кезінде көрсеткен көмегі үшін шынайы алғысын білдірді.
Полиция азаматтарды балаларды, әсіресе курорттық аймақтар мен демалыс орындарында, ешқашан қараусыз қалдырмауға шақырады. Егер балаңыз көзден таса болса, уақыт оздырмай "102" арнасына хабарласыңыз. Мұндай жағдайда әрбір минуттың маңызы зор.