Бұрынғы мемлекеттік айыптаушы Айжан Аймағанова әлеуметтік желідегі парақшасында Құрылтай депутаттығына кандидат ретінде ұсынылуына байланысты мәлімдеме жасады, деп хабарлайды turkystan.kz.
Оның айтуынша, кандидат болып ұсынылуына байланысты прокуратура органдарындағы қызметінен кеткен. Бұл заң талаптарына сәйкес қабылданған шешім екенін атап өтті.
«Осы жағдайға байланысты өз атымнан түсініктеме беруді жөн көрдім. Мен ұзақ жылдар бойы прокуратура органдарында заңға, мемлекетке қызмет етіп, азаматтардың құқықтарын қорғау үшін жұмыс істедім. Кандидат болып ұсынылуыма байланысты мен прокуратурадан жұмыстан шықтым. Бұл – заңның талабы, мен оны толық орындадым», – деп жазды Аймағанова.
Сондай-ақ ол бұл қадамды саналы түрде жасағанын айтып, кәсіби тәжірибесі мен білімі заң шығару қызметінде және азаматтарды толғандыратын мәселелерді шешуге пайдасын тигізетініне сенім білдірді.
«Бұл шешімді мен саналы түрде қабылдадым. Менің кәсіби тәжірибем мен білімім заң шығару қызметінде, сондай-ақ азаматтарымызды толғандыратын мәселелерді шешуде пайдалы бола алатынына сенімдімін», – деді ол.
Айжан Аймағанова өзіне қолдау білдіріп жатқан азаматтарға алғыс айтып, алдағы уақытта ашық диалогқа дайын екенін жеткізді.
Еске салайық, бұған дейін Айжан Аймағанова ӘDILET партиясының атынан Құрылтай депутаттығына кандидаттар тізіміне енгізілген болатын.