Депутаттыққа үміткер әнші Тамара Асар әлеуметтік желідегі парақшасында өз кандидатурасына қатысты айтылған сын-пікірлерге жауап берді, деп хабарлайды turkystan.kz.
Өнер иесі әншінің саясатқа келуі қоғамда қызу талқы тудырғанын айтып, өнер адамдары қоғамдық және саяси өмірден тыс қалуы керек деген көзқараспен келіспейтінін жеткізді.
«Әншілік мамандықтың партияға мүше болып, кандидаттыққа ұсынылуы қоғамда диссонанс туғызғаны ерекше құбылыс. Демек, белсенді жазғыштардың түсінігінде өнер адамы саясаттан, қоғамдық жұмыстан ада жүруі керек деген ой бар ма?» – деп жазды ол.
Тамара Асардың айтуынша, әрбір азаматтың елге пайдасын тигізіп, қоғамға қызмет етуге ұмтылуы – табиғи саяси сұраныс.
Сондай-ақ ол партияның ұсынысын қабылдауына ата-анадан алған тәрбиесі, білімі, ғылыми дәрежесі және өмірлік тәжірибесі негіз болғанын атап өтті.
Бұдан бөлек, әнші сайлау науқаны енді ғана басталғанын еске салып, кандидаттың депутат болып сайлануы әлі шешілмегенін айтты.
«Кандидат деген – 100% депутат емес. Мерзімінен бұрын асығыс пікір білдіру – өзге емес, өзіңе жасаған қиянат», – деді ол.
Жазба соңында Тамара Асар өзін қолдап, құттықтаған жандарға алғыс айтып, сын айтқандарға да реніш білдірмейтінін жеткізді. Оның сөзінше, мұндай пікірлер өзін шыңдай түседі.