Алматы тауларында адасып кеткен туристер құтқарылды

Бүгін, 11:33 / Нұрлан Әлинұр
istockphoto

Алматы қаласының Медеу ауданында 12 шілдеге қараған түні құтқарушылар тауда адасып кеткен үш туристі іздеп тауып, қауіпсіз жерге жеткізді.

Туристер теңіз деңгейінен шамамен 2650 метр биіктікте орналасқан Қара сарқырама маңында бағытынан жаңылып, өз беттерімен төмен түсе алмаған.

Оқиға орнына Алматы қаласы Төтенше жағдайлар департаментінің құтқару қызметінің мамандары жедел жетті. Құтқарушылар туристерді қысқа уақыт ішінде тауып, оларды аман-есен таудан түсірді. Ешқайсысына медициналық көмек қажет болған жоқ.

Төтенше жағдайлар министрлігі тауға шығар алдында бағытты алдын ала жоспарлауға, ауа райы болжамын ескеруге, қараңғы түспей кері оралуды көздеуге, өзіңізбен толық қуатталған ұялы телефон мен қолшам алуға, сондай-ақ қайда баратыныңыз туралы жақындарыңызға алдын ала хабарлауға кеңес берді.