Тележүргізуші Динара Сәтжан ұлы Даниалдың сырға салу рәсімі өткенін айтып, қуанышты жаңалығын әлеуметтік желіде бөлісті, деп хабарлайды turkystan.kz.
«Қуанышты бөліссең, көбейеді» деген сөз бар қазақта. Менің де сіздерге айтар сүйінші жаңалығым бар. Бүгін болашақ келінімізге сырға салдық», – деп жазды ол.
Динара Сәтжанның айтуынша, болашақ келіні Айнұрды төрт жылдан бері таниды. Ол ұлы Даниал әскерге кеткен кезде Айнұр екеуі бірге барып жүргенін, сол кезде ұлының жар таңдауда қателеспегеніне көзі жеткенін жеткізді.
«Айнұр тек сүйген жары ғана емес, ұлымның артындағы сенімді тірек болатынына көзім жетті», – деді тележүргізуші.
Сондай-ақ ол сырға салу – қазақ халқының ең әдемі, тағылымға толы дәстүрлерінің бірі әрі отбасылық өмірдің алғашқы баспалдағы екенін атап өтті.
«Ең бастысы – құдалардың алдынан өттік, батасын алдық», – деп жазды Динара Сәтжан.
Тележүргізуші енді ұлының үлкен тойына дайындық басталғанын айтып, алдағы қуанышты ерекше ықыласпен күтіп жүргенін жасырмады.
«Алда ұлымның үлкен тойы. Қалай болар екен деп уайымдап та қоямын. Қасымда ақылшы, жанашыр қос мамам, жөн-жоралғыны жақсы білетін қайын әпкелерім, жаныма тірек болатын жарым бар. Сондықтан тойдың дайындығын да ерекше ықыласпен бастап кеттік», – деп түйіндеді ол.