Қытайдың шығысындағы Фуцзянь провинциясында орналасқан аяқ киім фабрикасында ірі өрт шығып, 28 адам көз жұмды. Бұл туралы Xinhua агенттігі хабарлады.
Қайғылы оқиға бейсенбі күні жергілікті уақытпен сағат 12:04 шамасында Чэньдай кентінің Цзянтоу ауылындағы өндіріс орнында болған. Алғашқы ақпаратта бірнеше адамның ғимарат ішінде қалып қойғаны немесе із-түзсіз жоғалғаны айтылған еді.
Оқиғадан кейін Қытай төрағасы Си Цзиньпин құтқару жұмыстарын барынша жеделдетуді тапсырды. Сондай-ақ ол өрттің шығу себептерін мұқият анықтап, жауапты тұлғаларды заң аясында қатаң жазалауға шақырды.
Қазір оқиға орнында 183 құтқарушы мен 35 арнайы техника жұмыс істеп жатыр. Қытайдың Төтенше жағдайлар министрлігі мен Мемлекеттік өртке қарсы құтқару басқармасы өңірге арнайы бірлескен жұмыс тобын жіберген.
Өрттің нақты неден шыққаны әзірге белгісіз. Тергеу және іздестіру-құтқару жұмыстары жалғасып жатыр.