Таразда кесарь тілігінен кейін жағдайы күрт нашарлаған бес баланың анасы көз жұмды

Бүгін, 23:00 / Жамбыл Жайлау
pixabay.com

Тараз қаласында облыстық перинаталдық орталықта кесарь тілігі арқылы босанған 37 жастағы әйел көз жұмды. Марқұмның туыстары оның өліміне дәрігерлердің салғырттығы себеп болды деп есептейді, деп хабарлайды turkystan.kz.

КТК телеарнасының мәліметінше, әйел отадан кейін екі күн өткен соң қызуы көтеріліп, жағдайы күрт нашарлаған. Дәрігерлер оның қанға түскен қауіпті инфекциядан зардап шеккенін айтқан. Он күннен астам уақыт жансақтау бөлімінде ес-түссіз жатқан келіншек қайтыс болды.

Марқұмның туыстарының айтуынша, ол перзентханаға дені сау күйінде өз аяғымен барған. Сондай-ақ олар дәрігерлер кесарь тілігін жасау үшін ақша талап етті деп мәлімдеп отыр.

Отбасы әйелдің соңғы күндерінің бірінде күйеуіне жазып қалдырған жазбасын да көрсетті. Онда ол өзін басқа ауруханаға ауыстыруды сұрап, жағдайының ауыр екенін жеткізген.

Марқұмның жақындары қауіпті инфекцияны әйел перзентханада жұқтырған деп санайды. Олардың сөзінше, дүниеге келген нәрестенің денсаулығы жақсы. Сондықтан инфекция жүктілік кезінде болған деген болжаммен келіспейді.

"Өз аяғымен алып келдім. Жағдайы жақсы болатын. Бұған дейін төрт баласын өзі босанған. Бесіншісінде кесарь тілігін жасап, осындай жағдайға душар болды", – дейді марқұмның күйеуі Елдос Есеев.

Ал Жамбыл облыстық денсаулық сақтау басқармасы ана өліміне байланысты арнайы жұмыс тобы құрылғанын хабарлады.

Ведомствоның мәліметінше, Медициналық және фармацевтикалық бақылау комитеті тексеру жүргізеді. Сонымен қатар облыстық денсаулық сақтау басқармасы қызметтік тергеуді бастайды.

Мамандардың айтуынша, әйелдің өліміне нақты не себеп болғаны сот-медициналық сараптама аяқталғаннан кейін белгілі болады.

Марқұмның артында бес баласы қалды. Бұл – биыл Жамбыл облыстық перинаталдық орталығында тіркелген екінші ана өлімі.

Тэгтер:

Тараз