Жетісу облысында ер адам көлікті ұрлап кетіп, жол апатына ұшырады (ВИДЕО)

10 шілде, 2026 / Жамбыл Жайлау
instagram.com/krisp.tdk

Жетісу облысында жеңіл автокөліктің ғимараттың кіреберісіне соғылған сәті түсірілген видео әлеуметтік желілерде кең тарады. Кейін көліктің ұрланғаны белгілі болды, деп хабарлайды turkystan.kz.

Видео Instagram желісіндегі krisp.tdk парақшасында жарияланған. Кадрларда ақ түсті жеңіл автокөліктің ғимараттың баспалдағына алдыңғы бөлігімен шығып кеткені көрінеді.

Оқиғаға қатысты Жетісу облысының полициясы түсініктеме берді. Ведомство мәліметінше, көлік заңсыз иемденілген.

"Көлік құралын заңсыз иелену фактісі бойынша қылмыстық іс қозғалды. Алдын ала мәліметке сәйкес, ер адам автокөлікті айдап кеткен. Кейін Қабанбай батыр көшесімен келе жатып басқа көлікпен соқтығысқан. Бұдан соң рөлге ие бола алмай, ғимараттың кіреберіс бөлігіне соғылған", – деп хабарлады полиция.

Оқиға салдарынан зардап шеккендер жоқ.

Күдікті полиция бөліміне жеткізілді. Қазіргі уақытта қажетті тергеу амалдары жүргізіліп, оқиғаның барлық мән-жайы анықталып жатыр.

Полиция тексеру қорытындысы бойынша заңға сәйкес процессуалдық шешім қабылданатынын мәлімдеді.

Сондай-ақ тәртіп сақшылары азаматтарды заң талаптарын сақтауға шақырып, кез келген заңсыз әрекет заңмен белгіленген жауапкершілікке әкелетінін ескертті.

Тэгтер:

көлік Жетісу