Мемлекет басшысы АҚШ президенті Трамппен телефон арқылы сөйлесті

Бүгін, 20:45 / Жамбыл Жайлау
Ақорда

Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев АҚШ Президенті Дональд Трамппен телефон арқылы сөйлесті, деп хабарлайды turkystan.kz.

Әңгіме барысында Мемлекет басшысы америкалық әріптесін АҚШ тәуелсіздігінің 250 жылдығымен құттықтап, аз уақыт ішінде елдің әлемдік деңгейдегі жетекші державалардың біріне айналғанын атап өтті.

Президент АҚШ әкімшілігінің ішкі саяси бағыты Қазақстанда жүзеге асырылып жатқан "Заң мен тәртіп" қағидатына негізделген Әділетті Қазақстан құру стратегиясымен үндес екенін айтып, Дональд Трамп жүргізіп отырған саясатқа қолдау білдірді.

Тараптар телефон әңгімесінде екіжақты саяси, экономикалық және сауда-экономикалық ынтымақтастықтың қазіргі ахуалы мен оны одан әрі дамыту мәселелерін талқылады.

Қасым-Жомарт Тоқаев өткен жылдың қараша айында Вашингтонға жасаған сапарында қол жеткізілген маңызды келісімдердің кезең-кезеңімен жүзеге асып жатқанын айтты.

Сонымен қатар Мемлекет басшысы Қазақстанның ядролық қаруды таратпау және байытылған уранға бақылау орнату бағытындағы ұстанымы өзгермейтінін растады. Ол халықаралық бақылау тетіктерін нығайтуда Атом энергиясы жөніндегі халықаралық агенттікпен (МАГАТЭ) ынтымақтастықтың маңызын ерекше атап өтті.

Әңгіме барысында Ақордада АҚШ сенаторы Стив Дейнс, Президенттің арнаулы өкілі Серджио Гор, Ақ үйдің жоғары лауазымды өкілдері және америкалық бизнес қауымдастық мүшелерімен өткен кездесулердің нәтижелері де оң бағаланды.

Сөз соңында Қасым-Жомарт Тоқаев Дональд Трампты өзіне қолайлы уақытта Қазақстанға ресми сапармен келуге шақырды.

Тэгтер:

Қасым-Жомарт Тоқаев