Алматыдағы Баум тоғайында үстіне ағаш құлап, ауыр жарақат алған 19 жастағы Селина ауруханада қайтыс болды, деп turkystan.kz тілшісі NewTimes.kz сайтына сілтеме жасап хабарлайды.
Қайғылы хабарды бойжеткеннің туыстары жеткізген. Олардың айтуынша, оқиғадан кейін отбасы мүшелерімен әкімдік өкілдері байланысқа шықпаған.
Ақпаратты Алматыдағы №4 қалалық клиникалық аурухананың мамандары да растады. Медициналық мекеме өкілдерінің мәліметінше, бойжеткен 27 маусым күні аса ауыр жағдайда ауруханаға жеткізілген.
Ол анестезиология, жансақтау және қарқынды терапия бөлімінде ем қабылдаған. Дәрігерлер науқастың өмірін сақтап қалу үшін қажетті емдеу және диагностикалық шаралардың барлығын жүргізген.
Алайда ауруханаға түскеннен кейінгі 14-күні бойжеткеннің жүрегі тоқтап қалған.
"Барлық қажетті реанимациялық шаралар жасалды. Өкінішке қарай, пациентті аман алып қалу мүмкін болмады. Биологиялық өлім тіркелді", – деп мәлімдеді аурухана өкілдері.