Бүгінгі отбасының бейнесі қандай?

Бүгін, 16:45 / Арайлым Жолдасбекқызы

Қазақстан қоғамында отбасы институты – сан ғасырдың ұлттық діңгегін сақтай отырып, жаһандану мен урбанизацияның дүлей толқынында терең құрылымдық трансформацияны бастан кешіп жатқан күрделі әлем. Қазіргі заманның шаңырағы тек заң жүзіндегі некеге байланған дәстүрлі одақ қана емес, жеке тұлғаның еркіндігі мен индивидуализмге ұмтылысын айқындайтын сан қырлы сипатқа ие. Көз алдымызда үлкен әулеттердің орнын оқшауланған шағын отбасылар басып, бала тәрбиесі мен үй шаруашылығының заманауи қызмет көрсету түрлеріне ауысуы сияқты мүлдем жаңа тұрмыстық қатынастар үлгісі қалыптасып үлгерді.

Бұл жаңашылдық халықтың «неке» мен «отбасы» ұғымдарына деген көз­қа­ра­сын да прагматикалық арнаға бұрды. Қо­ғам санасында отбасы әлі де махаббат пен ба­қыттың қасиетті мекені ретінде қасиет­тел­генімен, «некеге» тек қатынасты ресми заң­дастыру мен материалдық тәуелсіздікке же­тудің құралы ретінде қарау үрдісі белең алып барады. 
Соңғы халық санағының деректері елде аза­маттық некеде тұрудың, кәмелетке тол­ма­­ғандардың ерте бірге тұруының, сондай-ақ «бостондық» және «қонақ некенің» қалыпты құбылысқа айналуы сын­ды күрделі демографиялық трендтерді ал­ға тартады. Дәл осындай құбылмалы ке­зең­де қазақстандық отбасының ішкі берік­ті­гін сақтап, оның ұрпақ өрбіту және тәр­бие­лік миссиясын қолдау – мемлекеттік саясат­тың ең басты стратегиялық мұратына ай­на­лып отыр. 
Осы орайда, заманауи мемлекеттің бі­рін­­ші кезектегі, айнымас міндеті – Қазақстан от­басыларының жайлы, қауіпсіз және ба­қуатты өмір сүруі үшін барынша қолайлы, инс­титуционалдық жағдай жасау. Мемлекет қо­ғамдағы әртүрлі объективті шарттар мен әлеу­меттік жағдайларды ескере отырып, от­ба­сы саясатын іске асыру мәселесіне әрқа­шан кешенді әрі жүйелі түрде қарайды. Мем­лекет басшысы әлеуметтік мемлекет құ­ру­дың мызғымас қағидаттарын бас­шы­лыққа ала отырып, «Біз дәстүрлі отбасы құн­дылықтарын табанды түрде орнықтыра беруі­міз қажет», – деп атап көрсеткен бола­тын.  
 

Неке және отбасы

Қазіргі Қазақстан отбасыларының әлеу­мет­тік-демографиялық портретін зерттеу ба­рысында анықталған ең басты ерекшелік – Қазақстан тұрғындарының «отбасы» және «не­ке» ұғымдарын саналы түрде нақты ажы­ра­татынында болып отыр. Қазақстандық қо­ғам­дық даму институты (ҚҚДИ) жүргізген ау­қымды әлеуметтік сауалнаманың нәти­же­лері көрсеткендей, ел халқы үшін «отбасы» ұғы­мы ең алдымен асқақ адамзаттық құн­ды­лықтармен байланыстырылады. Респон­дент­тердің 44,9 пайызы отбасын «бақыт пен ма­хаббаттың мекені» деп таныса, 41,7 пайы­зы оны ең алдымен «ұрпақ жалғастыру» мис­сиясымен ұштастырады, ал 40,7 пайызы отбасын «адам өмірінің басты мәні» деп есеп­тейді.
Сонымен қатар бұл мәселеге байыпты құ­қықтық әрі азаматтық тұрғыдан қарай­тын­дар да аз емес: респонденттердің 23 пайы­­зы отбасы дегенді «үлкен жауапкершілік пен өзара міндеттемелер жүйесі» деп қа­был­даса, 16,7 пайызы оған «біздің қоғамның не­­­­­гіз­гі іргетасы» деген баға берген. Сауал­на­маға қатысқандардың жауаптарын өңірлік тұр­ғыда корреляциялап, талдау барысында мы­надай қызықты жайт анықталды. Елі­міз­дің барлық аймақтарында отбасының мәнін тү­сіну бойынша алғашқы үш анықтама (ма­хаб­бат, ұрпақ, өмір мәні) негізгі өзек ретінде сақ­талғанымен, кейбір өңірлерде өзге­ше­лік­тер де жоқ емес. Мысалы, Қазақстанның шы­ғыс өңірінің тұрғындары (атап айтқанда, Абай және Шығыс Қазақстан облыстары) от­басын, ең алдымен, «ұрпақ жалғасы» ретін­де тереңірек сезінсе, жаңадан құрылған Ұлы­тау өңірінің тұрғындары бұл ұғымды бі­рін­ші кезекте «үлкен жауапкершілік пен мо­ральдық міндеттемелер» тұрғысынан қарас­тыруды жөн көреді. Ал респон­дент­тердің 7,1 пайызы үшін отбасы – адамды мы­на жалғандағы «жалғыздықтан құтқара­тын жалғыз пана». Осы ретте, облыстар бө­лі­нісінде отбасын жалғыздықтан құтқару құ­ра­лы ретінде бағалағандардың ең аз үлесі Ақ­мола (0,8 пайыз) және Қарағанды (1,1 пайыз) облыстарының тұрғындары ара­сын­да тіркелсе, бұл пікірді қолдаушылардың ең көп үлесі Түркістан (15,6 пайыз) және Қос­та­най облыстарының (13,9 пайыз) тұрғын­да­ры арасында байқалды.
«Сіз үшін неке деген не?» деген сұраққа бе­рілген жауаптарға қарасақ, мұнда құқық­тық және институционалдық түсініктің ба­сым екенін көреміз. Респонденттердің ба­сым көпшілігі, яғни 58,5 пайызы бұл сұ­рақ­қа «Неке – отбасын құру мақсатындағы ер­лі-зайыптылардың ерікті одағы» деген клас­сикалық анықтаманы таңдаған. Одан кейін­гі орында тұрған 18,7 пайыз респондент не­кені «Өз қатынастарын ресми түрде заң­дас­тырғысы келетін тұлғалардың өзара ке­лі­сімі» деп есептесе, 10,8 пайызы «Екі дербес адам­ның ортақ тұрмысы мен жалпы отба­сы­лық бюджеті» деген тұрмыстық-эко­но­ми­ка­лық анықтамаға тоқтаған. Ал сауалнамаға қа­тысқандардың 8 пайызы «Неке – бұл ең ал­дымен отбасылық қатынастарды заң­дас­тыру­дың ресми жолы» деп жауап берген. Не­кені прагматикалық тұрғыдан бағалап, оны «Материалдық қиындықтар мен ке­дер­гілерді бірлесіп жеңудің тиімді тәсілі» ре­тінде таңдағандардың үлесі небәрі 1,9 пайыз­ды ғана құраса, «Неке – бала туу үшін заң жү­зін­де қажетті ең басты шарт» деп көрсет­кен­дердің үлесі одан да аз – 1,7 пайыз деңгейінде болды.
Сауалнама шеңберінде ұсынылған дайын нұсқалардан бөлек, кейбір азаматтар өз­дерінің ерекше, баламалы жауаптарын да ашық білдірген. Олардың ішінде некені ті­ке­лей «махаббатпен», «бақытпен» байла­ныс­тыр­ғандар немесе оған «Жоғары миссия, ба­ла­лар, дені сау болашақ қоғам» деп баға бер­­­гендер де кездескен. Тіпті, «Ешқашан тұр­мысқа шықпағанмын, сондықтан нақты жауап бере алмаймын» деп ашығын айт­қан­дар мен некенің рухани табиғатын алға тар­тып, «Аллаға адал, иманды отбасы» деп си­паттағандар да кездескен. Әрине, бұл бала­ма­лы жауаптардың пайыздық көрсеткіштері жал­пы үлесте аса жоғары емес, өйткені олар рес­понденттердің өз тарапынан дербес ұсы­нылған жеке пікірлер. Дегенмен өңірлік ерек­шеліктер тұрғысынан алғанда, некені «Ба­ла туу үшін қажетті шарт» деп қабылдай­тын үрдіс көбінесе еліміздің батыс аймақ­та­ры­ның тұрғындары арасында жиірек таң­дал­ғанын атап өткен жөн, бірақ бұл көр­сет­кіш­тің өзі де аталған өңірлерде 5 пайыздық ме­жеден аспайды. 
Қазақстандықтардың некеге тұру, яғни от­басылық өмірді ресми бастау туралы ше­шім қабылдауына әсер ететін ең маңызды, ше­шуші себептерді талдау да қоғамның ішкі пси­хологиялық ахуалынан хабар береді. Сауал­нама қорытындысы бойынша, неке қию­дың ең басты уәжі ретінде тағы да «Ма­хаббат» сезімі алға шықты – 59,9 пайыз. Одан кейінгі орындарға «Өмірлік көз­қа­рас­тар мен қызығушылықтардың ортақтығы» (17 пайыз) және «Баланың дүниеге келуі» (10,7 пайыз) сияқты байыпты себептер ор­нық­қан. Жастардың өз бетінше өмір сүруге ұм­тылысын көрсететін «Ата-анадан бөлек, дер­бес әрі тәуелсіз болу» деген себепті рес­пон­денттердің 5,5 пайызы белгілесе, «Мате­риал­дық жағдайды бірлесіп жақсарту» мақ­сатын 5 пайызы таңдаған. Ал «Жос­пар­лан­баған жүктілік» салдарынан некеге тұру­ға мәжбүр болғандардың үлесі ең төменгі көр­сеткішті көрсетті – 1,2 пайыз. Бұдан бө­лек, «Бақыт», «Балаларды лайықты тәр­бие­леу», «Игілікті отбасын құруға деген ішкі ұм­тылыс», «Өзара құрмет», «Қалыптасқан әдет» және «Өзара терең сенім» сияқты маңыз­ды моральдық себептерді өкінішке қарай тек екі-ақ респондент өз тарапынан ерек­ше атап көрсеткен. 
Респонденттердің тұрғылықты геог­ра­фия­лық жеріне, яғни урбанизация деңгейіне бай­ланысты да қызықты айырмашылықтар бар. Мысалы, «Ата-анадан дербес, тәуелсіз болу» сияқты себеп қала тұрғындары үшін ауыл­дық жерде тұратын отандастарымызға қа­рағанда әлдеқайда маңыздырақ рөл ат­қа­ра­ды. Ал «Материалдық жағдайды жақсарту» уә­жі, керісінше, экономикалық мүмкін­дік­тері шектеулі келетін ауыл тұрғындары үшін өте маңызды әрі өзекті екен. Сонымен бірге, «Жоспарланбаған жүктілік» себебінен некеге тұру деңгейі қалалықтар мен ауылдықтар ара­сында дерлік бірдей, тек өте аз ғана ста­тис­тикалық айырмашылыққа ие (қалада 1,3 пайыз және ауылда 1,2 пайыз деңгейінде).

Демографиялық құрылым

Ұлттық статистика жүйесіндегі халық са­нағы – бұл ел тұрғындарының шы­найы отбасылық және некелік жағдайы ту­ралы ең сенімді, шынайы әрі ауқымды ақ­парат жинауға мүмкіндік беретін, бүкіл ха­лықты жаппай қамтитын бірегей ақпарат кө­зі. Дәл осы халық санағының деректері ар­қылы ғана еліміздегі отбасылардың негізгі әлеуметтік-экономикалық және демог­ра­фия­лық сипаттамалары, соның ішінде олар­дың нақты құрамы мен мөлшері үтір-нүк­тесіне дейін анықталады.
Егер неке жағдайы бойынша халықтың жалпы санын заманауи статистика ая­­­­­сында талдайтын болсақ, соңғы 2021 жыл­ғы ұлттық халық санағының ресми деректері бізге өте күрделі суретті көрсетеді. Санақ қо­рытындысы бойынша, елімізде 1,9 мил­лион ер адам (бұл жалпы ерлердің 30,4 пайы­­­­зы) және 1,8 миллион әйел адам (әйел­дер қауымының 25,7 пайызы) өмірінде ешқашан ресми немесе бейресми некеде болмаған бо­лып шықты. Қазір заңды немесе нақты не­кеде тұрғандардың жалпы саны ерлер ара­сында 4 миллионды, ал әйелдер арасында 4,2 миллион адамды құрап отыр (пайыздық ара­салмағы тиісінше 63,1 пайыз және 58,9 пайыз).
Осы некедегілердің ішінен ерекше бөліп көрсететін жайт – 393 мың ер адам (6,1 пайыз) және 460,2 мың әйел адам (6,5 пайыз) іс жүзінде отбасын құрып, бірге тұрып жатса да, өздерінің некелерін азаматтық хал актілерін тіркеу органдарында (АХАТ) ресми бекітпеген немесе мүлдем ешқандай заңды некелеспестен, еркін бірге тұру үлгісін таң­да­ған. Айта кету керек, халықтың дәл осы бей­ресми бірге тұру көрсеткішін Қазақ­стан­ның мемлекеттік статистика органдары өз тари­хында тұңғыш рет нақты есептеп, анық­тап отыр. 
Демографиялық құрылымдағы тағы бір үлкен теңсіздік – тұл ерлер санының жесір әйел­дерге қарағанда статистикалық тұр­ғы­дан 4,5 есеге аз екенінде (ел бойынша тиі­сін­ше 130,1 мың ер адам және 595,3 мың әйел адам жесірлік статусында). Салыстырмалы үлес­пен айтсақ, бұл көрсеткіш ерлер ар­а­сында небәрі 2 пайызды ғана құраса, әйелдер арасында 8,4 пайызға дейін жетеді. Мұндай үлкен алшақтықтың туындауы, ең алдымен, еліміздегі егде жастағы ер адамдар арасын­да­ғы өлім-жітім деңгейінің әйелдерге қара­ған­да жоғары болуымен тікелей байланысты. Бұ­ған қоса, санақ кезінде ел бойынша 287,3 мың ер адам (4,5 пайыз) және 494,3 мың әйел адам (7 пайыз) өздерінің некелерін ресми бұз­ғанын, яғни ажырасқан мәртебесінде еке­­­­нін мәлімдеген.
Елді мекендердің типі бойынша, яғни қа­ла мен ауыл деңгейінде талдау жасасақ, өмір бойы некеде ешқашан болмаған ерлер мен әйелдердің жалпы саны ауылдық жер­лер­ге қарағанда қалалық жерлерде айтар­лық­тай жоғары екені байқалады. Осындай тенденция қазір некеде тұрғандардың ара­сында да қайталанады, яғни қалалық не­кеде­гі­лер саны басым. Сонымен қатар жалғыздық жүгін арқалаған жесір (тұл) қалғандар мен отбасылық өмірі сәтсіз болып, ажырасқан ер адам­дардың да нақты саны қалаларда кө­бірек шоғырланған. Бұл бізге ауылдық жер­лермен салыстырғанда қалалық ортада не­кенің бұзылу, ажырасу процестерінің әл­де­қай­да жиі әрі жеңіл өтетінін көрсетеді. Де­ген­мен заңсыз бірге тұрудың (некесіз қа­тынастардың) өзіндік географиялық ерек­шелігі бар: ерлер арасында ресми некесіз, жай ғана бірге тұру жағдайы ауылдық жер­лер­де көбірек кездессе, ал әйелдер арасында бұл үрдіс керісінше, қалалық жерлерде жиі­рек ұшырасады.
Халықтың неке жағдайы бойынша құ­рылған арнайы жыныс-жас пира­ми­дасы (мұнда халықтың тек 15 жастан ас­қан бөлігі ғана есепке алынған) алаңдау­шы­лық тудырады. Бұл пирамиданың дерек­те­ріне сүйенсек, еліміздегі барлық жас топ­тарында, тіпті қарттық кезеңде де некеде еш­­­­қашан болмаған адамдардың белгілі бір үле­сі тұрақты түрде бар екені көрінеді. Ал ең сорақысы – жастардың ресми некесіз бел­сенді бірге тұру процесі елімізде ерте, яғ­ни небәрі 15 жастан-ақ басталып кетеді екен. 2021 жылғы халық санағының ресми нә­­­­­тижелері небәрі 15 жасында-ақ мем­ле­кет­тік тіркеусіз, яғни бейресми некеде бірге тұ­рып жатқандардың саны 82 ер бала мен 131 қыз баланы құраған. Ал сәл есейген 16-17 жас аралығындағы бозбалалар мен бой­жет­кендердің жағдайына үңілсек, бұл жаста рес­ми тіркелген заңды некеде 149 ер адам мен 655 әйел тұрса, ал ешқандай заңды не­кесіз, жай ғана бірге тұратындардың саны тіпті қорқынышты: 399 ер адам және 2 498 әйел (қыз бала) осы санатқа кірген. Бұдан кейінгі үлкен жас топтарына өткен сайын, заң­ды некесіз бірге тұратын ерлер мен әйел­дердің нақты саны уақыт өткен сайын ариф­ме­тикалық прогрессия бойынша қарқынды түр­де артып отырады. Жалпы алғанда, ажы­расқан азаматтардың негізгі шоғыры қоғам­ның ең белсенді бөлігі – 25-50 жас аралы­ғын­дағы адамдар болса, ал жесір қалған­дар­дың басым көпшілігі табиғи заңдылықпен 50 жастан асқан егде топтарда жиі кездеседі.

Отбасы жайындағы негізгі трендтер

Жүргізілген барлық кешенді зерттеу­лер мен статистикалық талдаулар­дың нәтижесінде біз бүгінгі заманауи Қа­зақ­стан отбасыларының нақты әрі шынайы жиынтық портретін айқын көре аламыз. 
Жоғары буынның «ықпалы» айтар­лық­тай төмен: Елімізде тек ата-ана мен бала­лар­дан ғана тұратын нуклеарлық отбасылар са­­­­­нының қарқынды өсуімен қатар, үлкен ата-әжелердің ұрпақ тәрбиелеу процесіне ті­келей қатысу деңгейі заман өткен сайын азайған. Мұнымен қоса, отбасы ішіндегі күн­де­лікті тұрмыстық міндеттерді бөлудегі бұрын­ғы қасаң гендерлік рөлдер толығымен жойылып барады.
Отбасының жалпы мөлшерінің өзгеру үр­дісі: Жалпы алғанда,  Қазақстан отбасы­лары­ның нақты саны жылдан-жылға арт­қа­ны­мен, олардың бір шаңыраққа шаққандағы ор­таша мөлшері жоғарыда айтылғандай, са­нақаралық кезеңде 3,5 адамнан 3,2 адамға дейін қысқарған.
Отбасылар санының жалпы өсімі: Соңғы екі халық санағының аралығындағы кезеңде (2009-2021 жж.) Қазақстандағы ресми отба­сы­лардың жалпы саны 38,7 пайызға өскенін мақ­танышпен айтуға болады.
Бала туу деңгейі және отбасы құрылы­мы­­ның сипаты: Қазір еліміздегі бар­лық отбасылардың жартысынан астамының тек бір ғана баласы бар, ал заңды түрде көп­­­­­балалы саналатын отбасылардың үлесі жал­пы санның 10 пайызынан да аз болып шық­ты. Бұл ретте, саусақпен санарлық көп ба­лалы от­басылар негізінен еліміздің дәс­түр­лі оңтүс­тік өңірлерінде ғана тығыз шо­ғырланған.
Жалғызбастылардың  күрт өсуі: Елімізде жал­ғыз өзі ғана тұратын, яғни жалғызбас­ты­лардың саны бірден 50 пайызға артып кет­кен. Ең өкініштісі, олардың басым көп­ші­лігі – әйелдер және бұл санаттағы отба­сы­лар қазіргі қоғамда айтарлықтай әлеу­мет­тік-психологиялық қысым мен жағымсыз стиг­­­­­­матизацияға жиі ұшырап отырады.
Қоғамның саналы отбасы құруға және бай­­салды ата-ана болуға деген жаңа сұра­ны­­сы: Жүргізілген сапалық зерт­теулердің (со­ның ішінде сұхбаттар­дың) нәтижелері сауал­намаға қатысқан респонденттердің жа­сы неғұрлым жас болған сайын, олардың от­басын құру және болашақ балаларды жос­парлау мәселелеріне соғұрлым үлкен саналы түр­де, байсалдылықпен қа­райтыны анық­тал­ды. Көп­те­ген сұхбатқа қатысушы жастар не­ке қию алдында оған арнайы дайындалу­дың, психологиялық білім алудың қажетті­лі­гін терең түсінеді.
«Отбасы» және «неке» түсінік­тері­нің ара­­­­жігі: Қазіргі қоғамдық санада «от­басы» ұғы­мы тек қана таза адамгершілік се­зім­дер­мен, яғни махаббат және бақыт ұғымдарымен ты­ғыз байланыстырылса, ал «неке» ұғымы кө­бінесе ресми отбасын құру жә­не қалып­тас­­қан қатынастарды заң жүзінде заңдас­тыру­­мен ғана шектеледі. Со­нымен қатар за­манауи неке қию процесі жас­тар үшін ата-ана қамқорлығынан бөлі­ніп, дербес шы­ғудың және өзінің материал­дық жағдайын жақ­сартудың тиімді құралы ретінде де жиі қарастырылады.
Некеге тұрудың ең негізгі эмоциялық се­бептері: Көп респондент үшін некеге тұру­дың ең басты уәждері – таза эмоциялық фак­торлар. Олардың ішінде махаббат – 59,9 пайызды, ал өмірлік көзқарастар мен қы­зығу­шылықтардың ортақтығы – 17 пайызды құрайды. Бұл факторлардың басым болуы, са­рапшылардың пікірінше, кейіннен құрыл­ған некенің ішкі тұрақтылығы мен берікті­гі­не ұзақмерзімді перспективада өте оң әсе­рін тигізуі мүмкін.
Кәмелеттік жасқа толмағандардың бір­ге тұру қаупі: Елімізде кәмелетке толмаған жасөспірімдердің небәрі 15 жастан бастап-ақ, әсіресе, жас қыздар арасында рес­ми некесіз бірге тұру үрдісінің болуы өте күр­делі әлеуметтік, психологиялық және ме­дициналық қауіп-қатерлерді тудырады. Бұл ұлттық қауіпсіздікке әсер ететін өзекті мә­селені түбегейлі шешу үшін мемлекет пен қо­ғам тарапынан өте шұғыл, кешенді әрі жүйе­лі тәсілдерді қолдану қажет.
Отбасылық өмірдегі мүлдем жаңа зама­науи үрдістер: Қоғамда тек баланың мүддесін бәрінен биік қоятын отбасылардың дамуы, бала тәрбиесіне арнайы бала күтушілерді кеңінен тарту, сондай-ақ күнде­лікті ауыр тұрмыстық міндеттерді сыртқы аутсор-сингке беру үрдісі қазіргі отбасы ішін­дегі дәстүрлі қарым-қатынастар мен бұрын­нан қалыптасқан рөлдерді қайтадан бөлі­су­дің терең процесі жүріп жатқанын айқын көр­сетеді.
Неке-отбасы қатынастарындағы терең құрылымдық трансформация: Бұл құбылыс елімізде жалғызбастылар санының күрт ар­­­­туымен ғана емес, сонымен бірге некенің мүл­дем жаңа, заманауи түрлерінің пайда болуымен де сипатталады. Соның ішінде ерекше атап өтетін тренд – «қонақ неке» үл­гісі. Бұл үрдіс негізінен ерлі-зайыпты­лар­дың объективті себептермен еліміздің әр­түрлі қалаларында немесе тіпті бөлек мем­лекеттерде тұруымен не болмаса жұбай­лар­дың біреуінің өндірістік қажеттілікке бай­ланысты алыс аймақтарда вахталық әдіспен ұзақ уақыт жұмыс істеуімен тікелей байла­ныс­ты болып отыр.

P.S. 

Жүргізілген  сұхбаттардың нәтижесі бүгінде заманауи отбасылар ұжымдық құндылықтардан гөрі жеке тұлғалыққа қарай айқын бет бұрып бара жатқанын көрсетеді. Қазір Қазақстан қоғамы үшін – «жартылай нуклеаризация» үрдісі тән болып отыр. Яғни, заманауи жаһандық үрдістер елімізде шағын нуклеарлық отбасылардың санының күрт артуына алып келгенімен, халықтың санасындағы сан ғасырлық дәстүрлі отбасылық негіздер мен рухани құндылықтар әлі де болса өзінің беріктігін сақтап тұр.