Кітапханасы жоқ ауылдан шыққан жазушы

Бүгін, 16:30 / Бауыржан БАБАЖАНҰЛЫ

Көрнекті қаламгер, мемлекеттік сыйлықтың иегері Тынымбай Нұрмағамбетовтің шығармашылығын оқыған адамның көз алдына қаймағы бұзылмаған қазақ ауылы, қарапайым адамдар  келіп, құрыс-тырысы жазылып қалары хақ. Әр кейіпкері жадыңда жатталып қалатын классик жазушымен күтпеген жерден жолығып, әңгімелесіп қалдық. Сырт көзге суықтау көрінетін қаламгер өзінің кейіпкерлері секілді ағеден, 
ақ көңіл адам екен. Сұхбатқа да келісе кетті. Көп әңгіменің ішінен сығымдап ұсынғанымыз осы болды. 

Жазушы болуды армандаған емеспін

– Аға, әңгімемізді балалық шақ, өс­кен ортаңыздан бастасақ. Әде­биет­ке қалай келдіңіз?
– Мен шағын ауылда өстім. Әке-ше­ше­міз сауатсыз адамдар болды. Бірақ ба­ла тәрбиесіне қатты мән берді. Мен тіп­ті діндар отбасында өстім деп айта ала­мын. Дінге деген құрмет бөлек еді. Мұн­дай үйлерде әдетте тәртіп қатты, шек­теу көбірек болады. Бұл да менің қа­лыптасуыма зор әсер етті. 
Он жасыма дейін Созақ ауданы мен Жаңақорған ауданының шектескен же­рінде тұрдық. Таулы жер еді. Кейін егіс егуге, электр жарығын тартуға қиын деп ауылдың бір бөлігін Сыр бойына, дария жа­ғасына көшірді. Әкем дихан болған­дық­тан біз де көштік. Тауда мал бақтық, мұн­да егін ектік. Бала болсам да, сол екі кә­сіптің бір жағында мен де жүрдім. Кейін жазушы болғанымда оның пай­дасы тигенін енді аңғарып жүрмін. 
Жазушы болғанда демекші, осыдан біраз жыл бұрын Нобель сыйлығын ал­ған африкалық қаламгер: «Кітапханасы жоқ үйден жазушы шықпайды» деді. Ал біздің үйде кітапхана жоғы өз алдына, ауылда да кітапхана болған жоқ. Сон­дық­тан мен кітапханасы жоқ ауылдан шық­қан жазушымын. Қолыма түскен дү­ниені оқыдым. Мысалы, 3-класта «Мың бір түнді» оқыдым.  Газеттерді оқи­­­мын. 
Бірақ жазушы болуды армандадым деп айта алмаймын. Мектепте жүргенде ондай ой мүлде басыма кірген емес. Кейбіреулер жазушы болуыма ұлы адам­дар­дың шығармалары әсер етті деп жа­тады ғой. Маған Әкім, Қалихан, Әбіш, Дүкенбайлардың лиризмге толы, ауыл өмірін бейнелеген  алғашқы әңгімелері қозғау салды. Соларға қарап қатты қы­зық­тым. Газеттен оқимын, кейбір үй­лер­де жартысы отқа тамызық болып кет­кен журнал, кітаптарды алып оқи­мын. Мы­салы, Зейнолла Қабдоловтың «Жа­лын» романын мен солай, журналдың жарты­сы­нан оқыдым. Көркемдіктің исі мұр­ны­ма келді. 
Енді мен де бірдеңе шимайлай бас­та­дым. Оңаша ауылда бала түгілі үлкен­дер­ге де жұмыс табыла бермейді. Сон­дық­тан мектеп бітірген соң,  оқып, жа­зу­ға ұмтылдым. 1964 жылғы қаңтар айын­да аудандық газетке «Келін» деген әңгі­мемді жібердім. Бір бетке жариялады. Өзі төрт-ақ беттік газет қой, соның бір бе­тін менің әңгімем алып тұр. Қатты қуан­дым.

– Атақты «Келін» деген әңгімеңізге қа­тысы бар ма ол әңгіменің?
– Жоқ, ол – басқа «Келін». Араға бір-екі ай салып, тағы бір әңгімем жарияланды. Сөй­тіп жүргенде Қызылорда пединститутына оқуға түстім. Мен оған дейін қазақ жазу­шы­лары­нан кімді оқу керек, орыс, әлем қалам­герлерінен кімнің шығармашылығына зер салу керек екенін білмейтінмін. Оны маған айтатын адам да болған жоқ. Бізге дәріс оқы­ған оқытушылардың арасынан екі оқытушы менің назарымды қатты аударды. Бірі – Әуел­бек Қоңыратбаев, екіншісі – Ақтай Тұр­бе­ков. Оларды ден қойып тыңдаймын. Әу­кең Толстой, Тургенов, Чеховтардың шы­ғармашылығына жиі үңілетін. Ал әдебиет теориясынан беретін Ақтай аға шығарманы керемет талдайтын. Чеховтың «Шенеуніктің өлімі» атты әңгімесін талдағанда, тура көз алдыңа әкелетін. Мен осы екі оқытушы ата­ған қаламгерлердің шығармашылығына шұқшия бастадым. Орысшасына емес, қазақша аудармаларына ден қойдым. О, ол кездегі аудармалар қандай еді? Қуғын-сүргіннің кесірінен түрмеде болып келген қа­лам­герлер аударған дүниелер түпнұсқадан кем түспейтін. Гогольдің «Тарас Бульбасы» мен «Диканка маңындағы фермадағы кеш­терін», Тургеневтің «Мәңгілік суларын» оқып, керемет ләззат алдым. Джек Лондонның «Бір ке­сек ет» атты әңгімесі де қатты әсер етті. Хе­мингуэйдің «Шал мен теңізінен» өз ауы­лым­ның шалдарын көргендей болдым. 
Осы шығармалар менің жазуыма қатты әсер етті. 1-курста оқып жүргенде  Қызыл­орда­ның облыстық газеті жас талапкерлерге бір бет беріп, онда «Менің жеңгем» деген әң­гімем жарияланды. Енді Алматыдан шы­ғатын басылымдарға да дүниелерімді  жібере бастадым. 2-курста оқып жүргенімде «Ленин­шіл жас» «Жиырма жас» деген әңгімемді жа­рия­лады. 3-курста «Жұлдызға» «Қауын исі» деген әңгімем шықты. Облыстық газетте Ғай­ни деген мәшіңкеші апай болды. Соған бас­тыратынмын. Өте сауатты адам еді. Шы­ғармаларымды басып беріп қана қоймай: «Тынымбайдың әңгімелері республикалық басы­лымдарда жарияланады» деп мені мақ­тайтын. Соның бәрі маған қанат бітірді. 
– Ол кезде Қызылордада әдеби орта мық­ты болды ғой?
– Әдеби орта мықты болғаны бір бөлек, мейірім болды. Бір-біріне жанұшыра көмек­те­сіп, талантты жастың қолтығынан демеп тұру­ға тырысатын. Бірде облыстық газетке «Менің інілерім» деген әңгіме ұсындым. Біраз жа­тып қалды. Сол арада «Қазақ әдебиетіне» жа­рияланды. Сонда облыстық газеттің бас редакторының орынбасары Нұрділдә Уә­лиев: «Сол әңгіменің бізде теріліп тұрғанына біраз болды. Неге жарияламайсыңдар? Ұят болды ғой» деп қатты ашуланыпты. Сосын дереу маған шығып, басқа әңгімемді алып жа­­риялады. Асқар Тоқмағамбетов менің  Жазу­шылар одағына өтуіме кепілдеме берді. Ол кезде Зейнолла Шүкіровтің аты дүрілдеп тұр­ды.  Атын естіп, атына қанық болға­ным­мен іздеп баруға дәтім бармады. Бір күні курстағы өлең жазатын қыздардың бірі  ақынның үйіне барғанын айтып: «Сені жақсы біледі екен» десін. Содан кейін арқаланып, хабарласқым келді. Звондап ем, танып: «Ертең түске кел» де­ді. Обком берген үйде шешесі екеуі тұрады екен. 1-қабат, 130 шаршы метрдей кең үй. Со­сын үйіне барып тұрдым. Әдеби ортамен ете­не араласуыма да сол кісі себеп болды. Ақын­ның үйіне Алматыдан көп қонақ ке­летін. Жергілікті ақын-жазушылар үзбей ке­ліп жататын. 
Кейін Зекеңнің шешесі қайтыс болып, оған қарай­тын адам болмады. Сосын Аралға көшті. Үйін ма­ған тастап кетті. Әрине, тастап кетейін десе, өз інілері де болды ғой. Бірақ маған қал­­­­­дырды. Ауылдан келген туыстарым: «Ты­ным­байдың үлкен үйі бар екен» деп таң­ға­лып жүрді. 
Ол кісінің әдеби ортадағы беделі өте жо­­­­­ғары болды. Бірде жоспарланып тұрған екі-үш баспа табақ кітабы сызылып қалып, Жазушылар одағының бірінші хатшысы Ғабиден Мұстафинге кіреді. Жағдайын ай­тыпты. Сонда Мұстафин налып: «Шырағым Зейнолла, саған жамандық жасаған адам қай­бір оңар дейсің?» депті. Содан бір айлық шығармашылық іссапардың ақшасын шы­ғарып беріпті. Сол кезде Абайдың тойы өтіп жатыр екен. «Бармасаң да, ақшасын аларсың» деп сол делегацияның құрамына қосыпты. Со­сын әдеби қордан ақша бөлгізген. Сонда Зе­кеңнің қолына әлгі екі-үш баспа табақтың ақшасынан да  мол қаржы түскен.
Ол кезде жазушылардың арасында бір-бірі­не құрмет, мейірім бар еді.  Зекең Алма­тыға келгенде достары қолдарына салып, кө­теріп жүретін. Баратын жеріне көтеріп апа­ратын. 

Мені Алматыға алдырған – Бердібек Соқпақбаев!

– Алматыға қалай келдіңіз?
– Институт бітірген 1969 жылы мен Ал­ма­тыдағы жас жазушылардың кеңесіне ша­қыртылдым. Онда Сайын Мұратбековпен кез­­дестім. Оған дейін КазГУ-де оқитын клас­тасым Сейсен Мұхтарұлы: «Сенің әңгі­ме­­­­­­­леріңді Сайын мақтады» деп жүретін. Кеңес біткен соң Сайынды іздеп бардым. Ол қуанып қалды. Көп әңгімелестік. Ол маған Виктор Астафьевтің «Пастух и пастушка», Ва­лентин Распутиннің «Последний срок»  ат­ты кітаптарын оқуға кеңес берді. Екеуі де ХIХ ғасырдағы орыс әдебиетінің алтын дәуі­рін ХХ ғасырға жалғаған мықты жазушылар ғой. Қызыға оқыдым. Сол үшін де Сайынға қатты ризамын. 
Бір күні газеттерде балалар мен жасөс­пі­­рім­дерге арналған шығармаларға байқау жа­рияланғаны жөнінде хабарландыру шық­ты. Мен ол кезде облыстық радиода жұмыс іс­теймін. Ойымда «Қош бол, ата» деген по­вес­тің сұлбасы жүрген. Соны жазудың сәті кел­генін ұқтым. Жазып, салып жібердім. Бі­рін­ші орын аламын деген ой тіпті де бол­ған жоқ. Жүлдегерлердің қатарына іліксем ғой деп жүрмін. Еңбек демалысына шығып, ауыл­­ға кеттім. Ауылға жұрт демалуға барады ғой, ал мені үйдегілер бір күннен кейін жұ­мысқа салатын. Шөп орамыз, тоғайдан отын әкелеміз деген сияқты. Сондай жұмыстың бірі­нен келсем, әйелім: «Сен бірінші орын алып­сың! Жігіттерден жеделхат келді» дейді. Сөйтсем, жұмыс орныма Шерхан Мұртазадан мені құттықтаған жеделхат келіпті. Соны көр­ген жұмыстағылар маған хабар жіберіпті. Жүре­гім жарыла қуандым. Соны сылтаура­тып,  Қызылордаға барып қайттым. 
Кейін повесть «Жалын» журналында жа­рия­ланды. Ұнатқандар да, сынағандар да көп болды. Бірақ ұнатқандардың қатары басым бол­ған сияқты.
Осыдан кейін Алматыға қоныс аудару туралы жиі ойлана бастадым. Марқұм Әбіл­мәжін Жұмабаев ағамыз Орталық комитетте жұ­мыс істейтін. Оған айтып ем, қолдады. Жа­зу­шылар одағында жұмыс істейтін Сайын қат­ты тілектес болды. 
1973 жылы «Жазушы» баспасының проза бөліміне шақыртылдым. Жаңағы байқауда топ жарғанымды бәрі біледі, сондықтан мені ешкім жатырқай қойған жоқ. Бір сөзбен айт­қанда, Алматы өте жақсы қарсы алды. Қабдеш Жұмаділов, Рамазан Тоқтаровтермен тізе қосып еңбек еттік. Бір күні пікірталас үс­тінде Рамазан: «Ей, сені Алматыға алып кел­ген кім екенін білесің бе?» – дегені. «Қа­лай, кім алып келді? Байқау қорытындысы бойын­ша келдім ғой». «Тапқан екенсің. Сені алып келген – Бердібек Соқпақбаев».
Таң-тамаша болдым. Рамазанның сөзінің жа­ны бар екен. Байқаудың қазылар алқа­сы­ның мүшесі болған Бердібек Соқпақбаев: «Мен бірінші орынға лайық шығарманы тап­тым. Балаларға арналған үздік кітап ке­рек деп отырсыңдар ғой. Міне, сол кітап – мынау!  Қалған орындарды өздерің реттей беріңдер» депті. Әрине, әртүрлі пікірлер бо­лады ғой, бірақ Бекең илікпепті. Тіпті, қар­сы болған адамдарды бет қаратпай қой­ған. Соның арқасында менің повесім бірін­ші орынға ие болған. 
Мен осы әңгімеден соң Бекеңді іздей бас­та­дым. Бір күні Жазушылар одағының ал­дында екі кісімен тұрғанын көріп, барып сә­лем бердім: «Аға, мен Тынымбай деген ініңіз едім». Маған шақырая  қарады: «Е, сен бе едің?». «Е, айналайын, мен сені қолдаймын деп, қазылар құрамынан  шығып қалдым, – де­ді сосын. – Мейлі, шығара берсін. Есесіне мен әдебиетке бір талантты адамды қостым деп есептеймін». 
Ол кезде әділдік бар еді. Мен алыс облыс­та жатқан адаммын. Біреу біліп, біреу біл­мей­тін жас жазушымын. Бар-жоғы 26-дамын. Бе­кең мені мүлде білмейді. Тек қана шығар­мам­ды көріп, маған бірінші орынды алып бе­ріп отыр. Сол үшін өзі зиян шекті. Бірақ сон­да да дән риза. 
Кейін ол кісімен жақсы араластық. Бір кіта­бына редактор болдым. Саяжайына да бір­неше рет бардым. Өте қарапайым, ғажап адам еді.
Әдебиетке келу бір бөлек те, өз деңгейіңді толықтыру, заман ағымына  сай  шеберлігіңді арттыру – басқа әңгіме. Жазушыға еңбекқор­лық­пен қоса, төзім қажет. Өйткені өмір үнемі сен ойла­ғандай бола бермейді. Чайковскийдің: «Мықты шығарма жазу үшін талантты болу аз. Талантыңның әсері 15-ақ пайыз, қалғаны сен кімдерді оқыдың, қалай іздендің, кімге елік­тедің, кімнен не үйрендің – соған байла­нысты» деген сөзі бар. 
1975 жылы Мәскеуде жас жазушылардың бү­кілодақтық кеңесі болды. Мен балалар әде­биеті секциясында болдым. «Смена» жур­налы бас редакторының орынбасары Аль­берт Лиханов менің повесімді секцияның же­тістігі ретінде мақтап, керемет баяндама жасады. Анатолий Алексин «Литературная га­зетада» семинардың қорытындысы бойын­ша «Қарлығаштың ұясы» деген әңгімемді ерек­ше атап өтті.
Алға озып айта кетейін, Альберт Лиханов кейін «Сменаның» бас редакторы болған ке­зінде менің «Қош бол, ата» деген повесімді, бір­неше әңгімемді аудартып, жариялады. Мәс­кеуде оқып жүргенде барып тұрдым. 
Біз әдебиетке келген кезде жақсы үрдіс бол­ды. Ол – талантты адамды іздеу, оған барын­ша көмектесу, оны өзіне жақын тарту. Мысалы, 1969 жылы жас әдебиетшілердің кеңесі болғанда проза секциясын Әбдіжәміл Нұрпейісов басқарды. Мұхтар Мағауин оның орынбасары болды. Сонда Әбең менің «Бәй­шешек» журналына шыққан үш әңгімемді: «Маған ұнады, өте шынайы» деп  мақтады. Өзің туралы жылы сөз айтқан адамды жек көр­мейсің ғой, мен Алматыға келген соң ол кісіге жақын жүруге тырыстым. Әбеңнің қа­сында Тахаң – Тахауи Ахтанов жүреді. Ол  –  өте сымбатты, сұсты адам болды. Мінезді еді. Көп елпілдей бермейтін. Сәлеміңді де суық­тау алатын. Бір күні анадайдан көріп қалып, сәлем беруге ыңғайлана беріп ем, өзі жалт бұ­рылып, маған қарай жүрді. Жарқырай кү­ліп келеді. Сасып қалдым. – Тынымбай, «Жұл­дызға» шыққан екі әңгімеңді оқыдым. Сен мына енеңді ұрайын социалистік реа­лизмді тіпті керек қылмайды екенсің! Бізді құртқан сол социалистік реализм, – деді мені құшақтап. Төбем көкке екі елі жет­пей қалды.  Содан кейін екеуміз жақсы ара­ласып кеттік. 
1975    жылы Жеңістің 30 жылдығы той­лан­ды. Жақсылық Түменбаев екеуміз Тахауи Ахтановты мейрамханаға шақырдық. Жақсы әң­гіме болды. Жазушының «Шырағың сөн­бе­сін» романында неміс офицерінің дег­дар­лығын суреттейтін сюжет бар. Соны айттық. «Е, олар сондай мәдениетті халық қой!» – де­ді Тахаң,  – соғысып жүргенде де, бекзат­ты­ғын сақтауға тырысты. Жалпы, біз соғыста жең­бей, жеңілгеніміз дұрыс болатын еді...» деді бір кезде ол.  Ол кезде мұндай пікір айту өзіңе өлім жазасын кесумен бірдей еді.  Біз қал­жыңға бұрған болдық.
– Қазақфильмде біраз еңбек етіпсіз?
– Ертеректе «Қазақфильмнің» бас редак­торы Әбіш Кекілбаев бізді кино саласына тартты. Қазақша сценарий аз жазылатын кез. Әкім Тарази, Әнес Сарай, Қалихан Ыс­қақ, Оралхан Бөкеев, Дулат Исабеков ал­тауы­мызға 50 сомнан стипендия беріп тұрды. Әжептәуір көмек еді. Дулаттың «Гауһартасы» сол кезде кино болып шықты. Мен де «Қайықшы» деген әңгімем бойынша сценарий жаздым. Комис­сия мүшелеріне ұнағанымен Әбіш біраз сын айтты. Мен оны қабылдай алмадым. Түзеткім кел­мей кежегем кейін тартты да тұрды. Кейін Әбіш: «Тынымбай, қашан түзетіп әке­ле­сің?» дегенде үндемедім. Міне, осылайша ки­нодан алыстай бастадым. Ол кезде білген жоқ­пын, бірақ оның орасан зор пайдасы бо­лыпты. Өйткені кино жазушының тілін бұ­зады. Қолтаңбасын өзгертеді. Мысалы, Василий Шукшиннің әңгімелері қандай ғажап?! Ал «Я пришел вам волю дать» деген романын қараңызшы. Роман емес, сценарий! Әңгімедегі Шукшин жоқ. Біздегі Әкім мен Қалиханға да кино біраз зиянын тигізді деп есептеймін. Мені Құдай сақтапты. 
Мен бірақ кинодан біржола қол үзгенім жоқ. «Қазақфильмнің» киностудиясының сценарийлік коллегиясында жұмыс істедім. Режиссерлердің көбі орыстілді жігіттер еді. Оларда қазақ тұрмысына келгенде көп олқылық болады. Соны мен реттеп отырдым. Бір­ақ сценарий жазудан сол күйі алыс бол­дым. КСРО  Кинематографияшылар одағы бай мекеме болды. Оның семинарларына кө­біне қолы бос мені жіберетін. 24 күн жүре­міз. Күнде кино көреміз. Кино болғанда қан­дай, ең үздік фильмдер. Тіпті, жалпы жұртшылыққа көрсетілмейтін фильмдер де ұсынылады. Мықты режиссерлермен ара­ласасың. Бұл – өреңді биіктететін дү­ниелер. 

Ең үлкен ерлігім – жұмысты тастағаным

– Өзіңізді қай кезден бастап шын жа­зу­шы сезіндіңіз? 
– Тоқсаныншы жылдардың аласапыра­нын­да «Қазақ елі» газетінде жұмыс істедім. Га­зет­тің жұмысы – шығармашылықтан алыс­­­­тататын қиын, ұсақ  жұмыс. Кеңес заманында цензурадан әбден зардап шектік қой. Кейде цензураның қайшысы айтатын ойыңның түгін қалдырмайтын. Сондайда емін-еркін жа­затын заман қашан туады екен деп арман­дайтынбыз. Сол заман туды. Тек жазу керек. Бірақ жұмыс істеп жүріп жазу мүмкін емес-ті. 1997 жылдың желтоқсанында еңбек де­ма­лысына шықтым. Жұмыстағыларға еш­теңе дегенім жоқ, бірақ үйге келіп әйеліме: «Мен жұмыстан кеттім» дедім. Ол қарсы бол­ған жоқ. Сол күйі жұмысқа шықпадым. 
Газет қолтаңбамды әбден бүлдірген екен. «Ай­қай» деген повесімді жазғанда соны анық аңғардым. Қайта-қайта жаздым. Өзімді әрең тауып алдым. 
Ол кезде жұмысты тастау деген өте қиын бо­латын. Мен үлкен тәуекелге бардым. Егер, ма­ған біреу өмірде қандай ерлік жасадыңыз де­се, жұмыстан кетіп, жазу үстеліне бай­лан­ғанымды айтар едім. Соның арқасында «Ай­қай», «Мешкей», кейінірек «Періштелердің өлімі» секілді дүниелерімді, көп әңгімемді жаз­дым. Драматургияға да бет бұрдым.  «Бес бой­даққа бір той» секілді пьесаларым әкем­театрда үздіксіз қойылып жатты. 
– Көпшілік сіздің жылы юморға то­лы, еріксіз жымитатын жазу стиліңізді ерекше ұнатады. Образ жасауға кел­ген­де қамшы салдырмайсыз. Шығарма­шы­лық лабораторияңыз туралы әңгім­е­лес­сек...  
– Жазушының мақсат еткен формасы бо­лады. Мен әуелден реалистік прозаны ұнат­тым. Маған орыс әдебиетінен Толстой мен Чехов, сосын Шыңғыс Айтматов қатты әсер етті. Шыңғыс – нағыз релист жазушы. Айт­матовтың шынайылығы, символикасы, ли­ризм деп жүрміз ғой,  шығармасының тәт­тілігі  – бөлек дүние. 
Золя мен Мопассанды да қызыға оқы­дым. Америкалық жазушы Теодор Драйзердің «Америка трагедиясы» деген романы бар. Бы­лай қарасаңыз, оқиғасы қарапайым-ақ. Қыз бен жігіт бір-біріне ғашық болып, ақы­рын­да қыз екіқабат болып қалады. Жігіттің оны алатын ақшасы жоқ, сосын қызды суға ба­тырып өлтіреді. Кейін әшкереленіп, сот бо­лады. Міне, сол жерде прокурор мен ад­во­каттың айтысы бар. Адвокат жігітті ақтап алу­ға тырысады. Өйткені оның үйленуге ақ­шасы жоқ. Халық тым кедей.  Көп жастың басында осындай проблема бар. Яғни, бұл осы екі жастың ғана емес, күллі Американың трагедиясы! Міне, қараңыз, оқиға қыз бен жі­гіттің махаббатынан, қылмыстан  өсіп, жал­пыұлттық сипат алды. Жазушы соны көр­сетіп отыр. 
Жалпы, маған көп қаламгер әсер етті. Жазу­шы бал арасы секілді. Мың түрлі шөпке қо­нады. Қайсысынан не алғанын өзі де біл­меуі мүмкін. Ең басты дүние – өзіңді  сақтау. Көп оқуға, деңгейіңді өсіруге болады, жұты­лып кетуге болмайды. 
Маркеске журналист: – Сіз неге жазушы­лық­ты таңдадыңыз?» дегенде, ол: «Басқа нәр­се қолымнан келмейді» деп жауап б­е­ріп­ті. Өлерінің алдында «Қандай өкінішіңіз бар?» деген сұраққа: «Өмір бойы жиған-тер­ген, сезінген дүниемнің өзіммен бірге өтетіні өкі­нішті» деп жауап беріпті. Рас нәрсе. Сен жиған, сезінген дүниені басқа адам біле бер­мейді.  Әр жазушы – бір әлем. Әр қаламгердің шы­ғармашылық лабораториясы – өзі ғана білетін ғалам. Мысалы, мен тез  жазамын. Об­раз жасауға қиналған емеспін. Өйткені оның бәрі мен өскен ортада бар, болған адам­дар.  Мысалы, «Келіндегі» қойшының ма­хаббатын алайық.  Кейде қарапайым адам­дарда да патшаның махаббатына айыр­бастамайтын махаббат болады. Жазушының фан­тазиясы мықты болуы керек. Менде ол мықты. Қай жерге қандай деталь керек, қай кейіп­керімнің аузына қандай сөз салу керек, соны түйсік арқылы сеземін. Сосын ешқашан бір шығарма жазып жатып, арасын үзген емес­пін. Кейбіреулер араға біраз  уақыт салып оралып жатады ғой, менде ондай бол­ған емес. Қағазға түсіргенше асығамын.
Жалпы, жазатын дүние әуелі ойға ора­лады. Ол топыраққа түскен дәнмен тең. Дән көк­темей қоймайды. Ішіңде әбден піседі. Со­сын барып жазуға отырасың. Жалпы, мен шы­ғарма жазғанда екі нәрсеге мән беремін – ол шы­ғар­ма не «айтады», қалай түйінделеді? Жазып бол­­­ған соң қайта қарауға асықпаймын. Бірақ ойша сол шығарманы әлдилеумен боламын. Кейбір образдарды толықтыра түсемін. Кей­бір тұстарын ширатамын. Артық жерлерін ой­ша алып тастаймын. Сосын барып тү­зе­ту­ге отырамын. 
Сонымен шығарма жазылып бітті делік. Мен енді оған сын айта алатын адамды із­деймін. Марқұм Қажығали Мұханбетқалиұлы сондай адам еді. Әдебиетті жақсы талдайтын. Кейде батырып айтады. Мен шамданған емес­пін.  Сын – шығарманы ширатады. Ол тек пайда әкеледі. Құдай-ау, саған пайда әке­летін дүниеден қалай қашасың?
Қаламмен жазамын. Мәшіңкем бола тұра пай­даланбадым. Ал компьютерге тіпті жола­ғаным жоқ. 
– Сіз әдеби айтыс-тартыстарға мүлде араласқан жоқсыз. Себебі неде?
– Жалпы, айтыс-тартыстың айналасында қолында қызметі барлар жүреді. Мысалы, Сайын­ды құртқан осындай айқастар. Одан ол не тапты? Тек қана ауру тапты. Басқа пай­дасы болған жоқ. Адамның ішкі принципі бо­лады. Соған адал болуы керек. Мен осы ұста­нымда болдым. 
– Қызметке неге ұмтылмадыңыз? 
– Алматыға келген кезімде Әбілмәжін Жұ­мабаев пен Сайын Мұратбеков маған қам­қор болды дедім ғой. Бір күні Әбілмәжін аға: «Қазақ радиосында әдебиет-драма бөлі­мі­нің бас редакторы  Мұхтар Шаханов қыз­метінен кетіп жатыр. Орталық комитеттегі Сәбит Жиреншин сол қызметке сені лайық көріп отыр. Соған бар!» – деді. Мен әрі-бері қашқақтап ем, бұра тартқызбады. Сайын да соны қолдады. Сосын Телерадио комитетінің бас­шысы Үсебаевқа барып, жайымды айт­тым: «Мен облыстық телевидениеде жай ре­дак­тор болған адаммын. Бас редактор болу қолымнан келмейді.  Оның үстіне орыс ті­ліне шорқақпын». Ол кісі риза болып,  кү­ліп жіберді. «Маған көп адам қызмет сұрап ке­ле­ді. Ал ұсынылған қызметтен бас тартқан се­ні көрдім» деді сосын. Содан кейін «Жазу­шы» баспасына орналастым ғой.
Алматыға келген соң өз мүмкіндігімді сара­лап көрдім. Үлкен қызметке ұмтылуға ықы­ласым жоқ екен. Сосын: «Е, Құдай, бер­сең, осы жазуыма бер» дедім. Мен тіпті жай қызметтің өзін қиналып істедім. «Орбитадан» үй алдым дегенде, Гер-ағаң – Герольд Бельгер: «Бір сағат барасың, бір сағат келесің, сонда жа­зуың қайда қалады?» деп еді. Сосын: «Орыс­тың жазушылары үкіметтің жұмысын істемейді, шығармашылықпен айналысады. Олардың мықтылығы  сонда» деді. Рас сөз. XIX ғасырда орыс әдебиетшілері үшін жұмыс істеу айып саналған. Мысалы, Достоевский тәп-тәуір қызметін тастауға мәжбүр болған. Өйткені прозаның өз жұмысы жетіп жатыр ғой. Бос болуың, қиялың еркін болуы керек. Менің жұмысты тастағаным үлкен ерлігім дейтінім – сол. 
Сөз арасында айта кетейін, Бельгермен өте жақсы араластым. 1974 жылы Сайын та­ныстырды. Сол жылы күзде хабарласып: «Тынымбай, Ташкентте әке-шешемнің үйіне барып, бір ай демалып едім. Сонда сенің «Жұл­дызға» шыққан екі әңгімеңді аудардым» дегені бар.  Уақыты өте тапшы адам ғой. Әб­діжәміл Нұрпейісов оны иемденіп алып, ешкімге бермейтін. Міне, сондай адам сенің шығармаңды өз бетімен аударып тұрса, қа­лай қуанбайсың? 
Гер-ағаң  менің біраз шығармамды аударды. «Шал, мая және жел» деген әңгімемді қат­ты ұнатып, аударды. Көп оқитын, көп бі­­­летін, өте әділ адам еді. 1996 жылы Мем­ле­кеттік сыйлыққа ұсынылғанымда Гер-ағаң қат­ты жүгірді. Комиссияның қазақ емес мү­шелеріне қолқа салды. Кейін: «Сені өзің­нің қазақтарың құлатты» деп күлгені есімде. 

Байшұбарды «өлтірмеудің» амалын таппадым

– «Анна Каренинаны «өлтіргім» кел­меп еді. Бірақ жазу барысында «өл­тіру­ге» мәжбүр болдым», – депті Толстой. Сіз­де де сондай сәттер болды ма? Мы­са­лы, көп оқырман «Періштелердің өлі­мін­дегі» Байшұбарды өлтірмей-ақ қою­ға болар ма еді деген пікірде. Бұған не дей­сіз? 
– Бұл шығарманың оқиғасын қайын жұрт­тан келген бір жігіттен естідім. Ол кезде жаза қоятын дүние деп ойлаған жоқпын. Кейін қоғамда өзіне-өзі қол жұмсау көбейді. Жұ­мыссыздықтан түрлі әрекетке баратын­дар шықты. Сосын әлгі детальді пайдалана­на­тын кез келгенін ұқтым. Жазып болған соң «Таң-Шолпанға» ұсындым. Дулатқа ұна­мапты. Ал Әбең тіпті жаратпады. «Мынау нет­кен қатыгездік? Қайдан тауып алғансың?» деп бір бетке өз пікірін жазып берді. Герольд Бе­­­ль­герге көрсетіп ем, қатты ұнатты. «Ты­ным­бай, сен өзіңді енді тауыпсың. Өте мық­ты шығарма!» деді. Ол бұл кезде шаршап қал­ған.  Сосын кезінде менімен бірге баспада іс­теген Арсланова деген аудармашы әйелге ұсын­дым. Оны Бельгер де ұнатты. Біраз уа­қыттан соң хабарлассам, ол әйел: «Тынымбай, мен мына шығарманы оқып бүкіл дертім қо­зып, қатты ауырып қалдым. Өте ауыр дү­ние екен. Мұны ер адам аударғаны дұрыс» де­ді. Аслан Жақсылықовқа ұсынып ем, ол ке­лісе кетті. Аударып болған соң, өз пікірімді ай­та келіп: «Басқаларға да оқытып көрші» де­дім. Ол бірнеше адамға оқытыпты. Мәс­кеудегі мықты аудармашыға қаратып алды. Ол да жақсы редакциялапты. Асланның өзі қатты риза болды. Кейін «Просторға» жария­ланды. 
Аударма деген ғажап дүние ғой. Гер-ағаң маған: – Тынымбай, мен сені аударып оты­рып,  кейде шығарманың басындағы бір дүниелерді қысқартып кетемін. Бірақ шығарманың аяғына келгенде сен маған соны іздетесің» дейтін. 
Ал енді Байшұбарға келейік. Мен де оны «өлтіргім» келген жоқ. Бірақ  аман қалдыру­дың амалын таппадым. Тірі алып қалу үшін оған мына өмірде  тірек болатын бір дүние болуы ке­рек еді ғой. Ондай ештеңе қалған жоқ. Тірі жүрсе, ол ең опасыз адамға айналар еді. Со­сын да  «өлтіруге» тура келді. 
Осы шығармадағы Шертайдың образы – менің олжам. Өмірде сондай адал, сондай пе­ріште адамдар болады. Өзім де сүйсіне оты­рып жаздым.
– Жас жазушыларға қандай кеңес берер едіңіз?
– ВГИК-тің профессоры Ром деген кісі бол­ған. Соның «Өнер – біреуге үйрететін кә­сіп емес, өзің үйренетін кәсіп» деген сөзі бар. Сол сөз дұрыс. Әркім өз бояуын өзі та­буы керек. 
– Әңгімеңізге рахмет! 

Сұхбаттасқан – 
Бауыржан БАБАЖАНҰЛЫ