Лизинг нарығы: Мүмкіндік пен мәселе

Бүгін, 16:00 / Ділда УӘЛИБЕК

Лизинг ел экономикасындағы жаңа қаржы құралы деуге келмейді. Бірақ халық енді-енді ғана оның нақты қалай жұмыс істейтінінен, басқа құралдардан айырмашылығы неде екенінен хабардар бола бастады. Қазір лизинг өндіріс, көлік, логистика, құрылыс пен өнеркәсіптегі басты инвестициялық тетіктің біріне айналып келеді. Соған қарамастан, нарықтың құрылымы мен даму қарқыны бұл саланың әлеуеті әлі толық ашылмағанын көрсетеді. Бөліп төлеу, кредит сияқты өнімдер секілді емес, лизинг туралы көп ести бермейміз, дегенмен сарапшылар оның артықшылығы көп екенін айтады. Сондай-ақ бұл тетік жалпы экономиканың өсіміне серпін беретін құралға да айнала алады. Бірақ ол үшін бірнеше маңызды мәселені ескеру қажет.

Басты үлес – мемлекетте

Ресми мәліметтерге сүйенсек, 2024 жы­лы еліміздегі лизинг портфелі 2,5 трлн теңгеге жетіп, бір жылда 712 млрд тең­геге немесе шамамен 39 пайызға өс­кен. Ал 2025 жылы лизинг на­ры­ғының көлемі алғаш рет 3,4 трлн теңгеден асып, рекорд көр­сет­кіш тіркеліпті. Бұл кәсіпкерлердің өн­дірісті кеңейтіп, қажет құрал­да­рын жаңарту үшін лизингке кө­бірек жүгіне бастағанын аңғартады. Кейінгі бірнеше жыл­­да ел эконо­ми­касы жоғары пайыз­­­дық мөлшер­ле­мелер, валюта баға­мы­ның құ­былуы және инвес­ти­ция­лық белсенді­лік­тің баяу­лауы­мен бетпе-бет келді. Осын­дай жағдайда лизинг биз­нес­тің капитал салымын кейінге қал­дырмай кәдеге жаратуына мүмкіндік бе­ретін маңызды қаржы құралына ай­на­лып келеді.
Алайда нарықтың қарқынды түрде өсіп келе жатқанына қарап теңгерімді да­мып келе жатыр деген сөз емес. Қазақ­стан­дағы лизинг нарығының басым бөлігі әлі де мемлекет қолдайтын бағдар­ла­ма­лар­ға тәуелді. Сарапшылардың бағалауын­ша, нарықтың басым бөлігі «Өнеркәсіпті да­мыту қоры» мен «ҚазАгроҚаржы» сияқ­ты квазимемлекеттік институттардан тұ­ра­ды. Соның салдарынан жеке лизинг ком­паниялардың бәсекелестік мүмкіндігі шек­теулі болып отыр. Бұл өз кезегінде на­рықтың әртараптануына кедергі келтіре­ді.  
Сәйкесінше, лизинг портфелінің негізгі бөлігі ауыл шаруашылығы тех­никасынан тұрады. Мемлекет аграр­лық секторды жаңартуды ұзақ жылдан бе­рі субсидиялар мен жеңілдетілген бағ­дар­ламалар арқылы қолдап келеді. Соның нәтижесінде фермерлер трактор, комбайн жә­не басқа техниканы көбіне лизинг ар­қы­лы алады. Бұл сегменттің көш­бас­шы-
сы – мемлекеттік даму институты санала­тын «ҚазАгроҚаржы». Былтыр «ҚазАгро­Қаржы» ғана 228,5 млрд теңгеге 10 543 тех­ника мен жабдықты лизингке беріп, республикадағы ауыл шаруашылығы тех­никасын қаржыландырудың 85 пайыздан аста­мын қамтамасыз еткен. Биыл бұл көр­сеткіш одан әрі өсіп, компания 268,9 млрд теңгеге 10 мыңнан астам ауыл ша­руа­шылығы техникасын қаржыландырды. Мұн­дай көрсеткіштер лизингтің аг­ро­өнер­кәсіп кешенін жаңғыртудың негізгі құра­лына айналғанын дәлелдейді.  
Бірақ дәл осы жағдай нарықтың басты ерек­шелігін де көрсетеді. Қазақстандағы лизингтің негізгі драйвері – мемлекет. Ал жеке сектордың үлесі салыстырмалы түр­де төмен. Банктердің еншілес лизингтік компаниялары мен тәуелсіз ойыншылар болғанымен, олардың нарықтағы салмағы мемлекеттік институттармен салыстыр­ған­да әлдеқайда аз. Ал бұл лизинг құрал­дары­ның қолжетімділігіне тікелей әсер етеді. 

Нарық қайтсе дамиды?

Біріншіден, ұзақмерзімді әрі арзан қар­жы ресурстарының тапшылығы жеке лизинг компанияларының мүмкіндігін шектейді. Екіншіден, шағын және орта кә­сіпкерлік субъектілерінің басым бөлігі ли­зингтің әлеуетін толық пайдалана алмай отыр. Үшіншіден, көптеген ком­па­ния үшін банктік несие мен мемлекеттік бағ­дар­ла­малар әлі де негізгі қар­жы­лан­дыру көзі бо­лып қала береді. Тағы бір түйт­кіл – қар­жылық сауат. Көптеген компа­ния лизингті әлі күнге дейін не­сие­нің баламасы ретінде ғана қа­был­дайды. Ал халықаралық тәжірибеде ол активтерді басқарудың икемді құ­ралы саналады. Компаниялар техниканы пай­далану мерзімі аяқталғаннан кейін жаңа­сына ауыстырып, өндірісті тұрақты түрде жаңартып отырады. 
Әлемдік тәжірибеде лизинг өндірісті жаңғыртудың ең тиімді тетіктерінің бірі са­налады. Кәсіпорындар қымбат жабдық­ты бірден сатып алмай-ақ, өндірісті тоқ­татпай жаңарта алады. Бұл айналым қара­­жатын сақтап қана қоймай, жаңа тех­нологияларды тез енгізуге мүмкіндік бере­ді. Еуропа ел­дерінде кәсіпорындардың не­гізгі капиталға салатын инвестиция­сы­ның 20-30 пайызы лизинг арқылы қаржы­лан­дырылады. АҚШ-та бұл көрсеткіш одан да жоғары. 
Сондықтан сарапшылар лизинг нары­ғының келесі кезеңдегі басты міндеті кө­лемді ұлғайту емес, оның сапасын өзгерту деп есептейді. Ол үшін жеке лизингтік компаниялардың үлесін арттыру, қар­жы­ландыру көздерін әртараптандыру, заң­намалық ынталандыру тетіктерін күшейту және лизингті экономиканың жаңа сек­торларына кеңінен енгізу қажет. Сонда ғана бұл құрал ауыл шаруашылығын қар­жы­ландыратын механизмнен ұлттық эко­номиканың инвестициялық драйвері­не айнала алады.

Дархан Абдықалық, 
«НұрЛизинг» АҚ Бас директоры, 
KazLeasing лизингтік компаниялар қауымдастығы президиумының төрағасы:

Кәсіпкерлер әлі де бизнесті қаржыландырудың жалғыз жолы несие деп есептейді

– Лизинг – кәсіпкерлерге қажетті жабдықты, ар­найы техниканы немесе көлікті бірден көп қар­жы жұмсамай-ақ пайдалануға мүмкіндік беретін заманауи қар­жыландыру тәсілі. Яғни, лизинг компаниясы мүлікті сатып алып, кәсіп­керге ұзақ мерзімге пайдалануға береді, ал мерзім аяқталғанда, оны сатып алу құқығы беріледі. Лизингтің банк несиесінен басты айыр­ма­шы­лығы – қаржыландырылатын мүліктің өзі кепіл ретінде қарастыры­ла­ды. Осы ерекшеліктің арқасында, әсіресе шағын және орта бизнес қа­жет қаражатты жеңіл әрі жылдам ала алады. Ал бөліп төлеумен са­лыс­тырсақ, лизинг анағұрлым икемді және кәсіби қаржыландыру құра­лы саналады. Ол бизнестің маусымдық ерекшеліктеріне қарай төлем кес­­тесін бейімдеуге мүмкіндік береді, заңды тұлғаларға бірқатар салық жеңіл­діктерін ұсынып, қымбат техника мен жабдықтарды ұзақ мерзімге алуға мүмкіндік береді. Осындай артықшылықтары бола тұра, лизинг біз­де әлі кеңінен қолданылмайды. Оның басты себебінің бірі – кәсіп­кер­лер арасында бұл қаржыландыру құралы туралы ақпарат аз. Кәсіп­керлердің көбі әлі күнге дейін бизнесті қаржыландырудың негізгі әрі жалғыз жолы несие деп есептейді.
Сонымен қатар лизинг компанияларының ұзақ мерзімге қаржы­лан­дыру көздеріне қол жеткізу мүмкіндігінің шектеулі болуы, заңнамадағы кей­бір кедергілердің сақталуы, сондай-ақ лизинг құралы кеңінен на­си­хатталмай жатқаны да нарықтың дамуын тежеп отыр. Осыған бай­ла­ныс­ты қауымдастық жұмысы аясында лизингтің артықшылықтарын кә­сіпкерлерге кеңінен түсіндіріп, оның бизнесті қаржыландырудың тиімді әрі қолжетімді баламасы ретінде көрсетуге күш салып жатырмыз.
Әйтсе де, кейінгі бірнеше жылда лизинг нарығы тұрақты өсім көрсетіп келеді. Кәсіпкерлер өндірісті дамыту үшін негізгі құралдарды үнемі жаңартып отырудың маңызын жақсы түсіне бастады. Ал лизинг мұндай инвестицияларды айналым қаражатын айтарлықтай қысқартпай жүзеге асыруға мүмкіндік береді.
Бүгінде лизингке деген сұраныс, әсіресе, ауыл шаруашылығы, құры­лыс, көлік және логистика, тау-кен өнеркәсібі, коммуналдық шаруашылық са­лаларында, сондай-ақ арнайы техника нарығында көп екенін бай­қай­мыз. Сонымен қатар өндірістік жабдықтарды, коммерциялық авто­кө­лік­терді, медициналық техника мен энергетикалық жабдықтарды ли­зинг арқылы қаржыландыру көлемі де жыл сайын артып келеді.
Кәсіпкерлікті қолдауға бағытталған мемлекеттік бағдарламалар, биз­нестің өндірістік қуатын жаңғырту, инфрақұрылымдық жобаларды іске асыру мен техникалық паркті кезең-кезеңімен жаңарту қажет екені на­рықтың басты қозғаушы күші болып отыр. Бұған қоса лизинг нары­ғының әлеуеті қазіргі деңгейден әлдеқайда жоғары екенін атап өткен жөн. Дамыған елдермен салыстырғанда, инвестицияларды қаржы­лан­дыру­дағы лизингтің үлесі елімізде әлі де төмен деңгейде қалып отыр. Бұл алдағы жылдары нарықтың одан әрі қарқынды өсуіне айтарлықтай мүм­кіндік бар екенін көрсетеді. Қазір мемлекет экономиканы әрта­раптандыруды, өңдеу өнеркәсібін, ауыл шаруашылығын, сондай-ақ ша­ғын және орта бизнесті дамытуды басты бағыттардың бірі ретінде ай­қындап отыр. Бұл салалардың барлығында инвестицияны қаржы­ландырудың тиімді тетіктері шешуші рөл атқарады. Сол құралдардың бірі – лизинг.
Алдағы уақытта мына бағыттарға ерекше назар аудару қажет деп есеп­­теймін:
Алдымен, лизинг компанияларының ұзақмерзімді әрі қолжетімді қаржы ресурстарына қол жеткізу мүмкіндігін кеңейту маңызды. Бұл кә­сіпкерлер үшін лизинг құнын төмендетуге және оның қолжетімділігін арттыруға көмектеседі.
Екіншіден, «Даму» қоры іске асырып отырған мемлекеттік бағдар­ла­маларды одан әрі жетілдіру, рәсімдерді жеңілдету және қаржыландыру бағдарламаларына қатысушылардың аясын кеңейту қажет.
Үшіншіден, лизинг нарығының тұрақты дамуын қамтамасыз ету үшін заңнамалық базаны жетілдіру, нарықтың ашықтығы мен айқынды­ғын арттыру, сондай-ақ оның инвесторлар үшін тартымдылығын күшей­ту маңызды.
Бұған қоса, облигация қаржыландыруын дамыту, секьюритизация те­тік­терін енгізу және институционалдық инвесторлардың қаражатын тарту арқылы жаңа қорландыру көздерін қалыптастыру ерекше маңызға ие.
Алдағы бес-он жылда лизинг Қазақстан экономикасының маңызды қар­жыландыру құралдарының біріне айналуы әбден мүмкін. Лизинг жай ғана қаржыландыру құралы емес, бұл – экономиканың жаңаруына серпін беретін инвестициялық механизм. Лизинг неғұрлым қолжетімді болған сайын кәсіпкерлік те, өндіріс те, тұтас экономика да соғұрлым қар­қынды дами түседі.

Ардақ Досанов, 

 KazLeasing лизинг компаниялары қауымдастығының директоры:

Жеке тұлғаларға арналған лизингтің маңызы зор

– Лизинг шағын және орта бизнеске ай­тар­­лықтай септігін тигізе алады. Соның ар­қа­сын­да ком­паниялар заманауи техника, көлік, өн­дірістік жабдықтар мен арнайы техника­лар­ды сатып ала алады. Ал ол әрі қарай еңбек өнімділігін арттыруға, өн­діріс көлемін ұлғайтуға және жаңа жұмыс орындарын ашуға мүм­кін­дік алады. Нәтижесінде, бизнес бәсекеге қабілетті бола түседі. 
Лизингтің дамуы мемлекетке де маңызды. Себебі лизинг ин­вес­тиция көлемінің артуына, түрлі салалардың дамуына, салықтың кө­бірек түсуіне және отандық кәсіпкерліктің одан әрі өркендеуіне ықпал ете­ді.
Кейінгі жылдары Қазақстандағы жеке лизинг компанияларының қыз­метіне сұраныс тұрақты түрде артып келеді. Бұл бизнестің лизингке де­ген қызығушылығы мен сұранысының жоғары екенін көрсетеді. Алай­да бұл саланың мүмкіндігі бұдан да зор деп айтар едім. Егер жан-жақ­ты қолдау көрсетілсе, лизинг ел экономикасының өсуіне айтар­лық­тай үлес қоса алатын еді. 
Оң динамикаға қарамастан, лизинг саласында әлі де шешілмей келе жатқан бірнеше  мәселе бар. Соларға толығырақ тоқталғым келеді:
Ең алдымен, осы саладағы компаниялардың мемлекет ұсынған әр­түрлі бағдарламалар мен қаржы ресурстарына шектеусіз, толық қатысуға мүмкіндігінің болмауы. Қазір бұл бағдарламалар көбінесе мемлекеттік компанияларды қолдауға бағытталған. Ал нарықта әрқайсында тең мүмкіндік болуы керек деп есептеймін. 
Екінші маңызды мәселе – заңнаманы одан әрі жетілдіру қажет. Егер жеке-жеке тоқталар болсам, талап ету құқықтарын тіркеу, лизинг беру­шілердің құқықтарын қорғау, лизинг нысандарына заңсыз қойылған тыйымдарды алып тастау, атқарушылық іс жүргізу жүйесі мен құқық қол­дану тәжірибесін жетілдіру. Солардың ішінде cалық мәселесіне аса мән беру қажет. Егер салық заңнамасына қандай да бір өзгерістер ен­гі­зіле­тін болса, онда ұзақ мерзімде лизинг келісімшарттарының ерек­шеліктері де ескерілуге тиіс. Себебі жаңа салық талаптары күшіне енген кезде, мерзімі аяқталмаған келісімшарттар нарық қатысушыларына да, клиенттерге де кері әсерін тигізуі мүмкін.
Бұған қоса цифрлық қызметтерді дамыту, әкімшілік рәсімдерді жеңілдету және мемлекеттік органдар мен бизнес арасындағы бай­ланысты нығайту қажет. Сондықтан KazLeasing қауымдастығы туын­дайтын мәселелерді жедел шешу үшін мемлекеттік органдар, Ұлттық кәсіпкерлер палатасы және нарық өкілдерінің қатысуымен тұрақты жұмыс тобын құру бастамасын әрдайым айтып келеді.
Алдағы жылдары лизинг нарығының одан әрі дамуын тоқтатпайды. Біздің тұжырымыз бойынша, ең алдымен, көлік, құрылыс және жол техникасы, өндіріс, ауыл шаруашылығы мен логистика салаларына сұра­ныс артады. Себебі осы салаларға қазір инвестиция көп тартылып жатыр.  
Тағы бір маңызды бағыт – лизинг саласын цифрландыру. Қазірдің өзін­де көптеген компания электронды құжат айналымын енгізіп, келі­сім­шарттарды қашықтан рәсімдеу, клиенттерді автоматты бағалау, жа­сан­ды интеллект технологиялары мен алаяқтықтың алдын алу жүйе­лерін қолдана бастады. Алдағы уақытта бұл шешім қабылдау уақы­тын едәуір қысқартып, лизингті бизнеске бұрынғыдан да қол­жетімді етеді.
Сонымен қатар ислам лизингі (ижара), облигациялар шығарудың, екінші деңгейлі банктермен және даму институттарымен бірлескен бағдарламалардың әлеуеті зор деп есептейміз. Сондай-ақ лизинг портфельдерін секьюритизациялау мүмкіндіктерін дамытуға да сұраныс артады.
Жеке тұлғаларға арналған лизингті дамыту да маңызды бағыттар­дың біріне айналады. Көптеген елде бұл сегмент қарқынды дамып келеді. Елімізде де осы саланы реттейтін заңнамалық база қалыптасса, бұл бағыттың да әлеуеті жоғары болмақ.
Жалпы, алдағы бес жылда лизинг саласында жаңа кезең басталады деп ойлаймыз. Яғни, сала тек сан жағынан өсіп қана қоймай, сапалық тұрғыдан да дамиды. Ол үшін нарықтың барлық қатысушыларына тең жағ­дай жасау, қаржыландыруды барынша қолжетімді ету, заңнаманы жетіл­діру және мемлекет пен бизнес арасындағы тұрақты диалогты жал­ғастыру аса маңызды.