Баланы кім тәрбиелеп жатыр: Ата-ана ма, әлде TikTok па?

Бүгін, 15:15 / Túrkistan Gazeti

Бүгінгі цифрлық дәуірде баланың алғашқы ұстазы кім деген сұраққа бұрынғыдай «ата-ана» немесе «мектеп» деп бірден жауап беру қиындай түсті. Себебі смартфонды еркін меңгерген бүгінгі ұрпақтың дүниетанымы мен өмірлік көзқарасына әлеуметтік желілердің ықпалы күн санап күшейіп келеді. Бірнеше секундтық бейнеролик, алгоритм ұсынатын контент, онлайн ойындар мен түрлі платформалар балалардың уақытын ғана емес, олардың ойлау жүйесін, тілдік ортасын, құндылықтарын қалыптастыратын құралға айналып барады.

Жаңа Конституцияға сәйкес барлық де­путаттардың өкілеттігі мерзімінен бұрын тоқтатылғанға дейін халық қалаулылары қо­ғамдағы өзекті мәселелердің бірі – ба­ла­ларға арналған сапалы қазақтілді цифрлық кон­тенттің тапшылығын бірнеше рет кө­тер­ген болатын. Олар әлеуметтік желілер, қыс­қа бейнероликтер мен онлайн ойын­дар­дың жас ұрпақтың дүниетанымына ық­палы күн санап күшейіп келе жатқанын айтып, бұл мәселені ұлттық қауіпсіздік дең­гейіндегі түйткіл ретінде қарастыру қа­жет екенін жеткізді.
Ал Үкіметтің мәліметі жағдайдың қан­ша­лықты күрделі екенін нақты сандармен көр­сетіп отыр. 2026 жылдың басынан бері ин­тернет-платформаларда 27 мыңнан ас­там заңбұзушылық анықталған. Оның ішін­де құмар ойындарды жарнамалау, есірт­кіні насихаттау, порнографиялық ма­териалдар, суицидке итермелейтін жа­рия­ланымдар және балалар психикасына кері әсер ететін контент бар.
Мәжіліс депутаты Данияр Исабек Үкі­мет басшысының орынбасары – Мәдениет жә­не ақпарат министрі Аида Балаеваның аты­на жолдаған депутаттық сауалында бү­гін­гі қоғамдағы ең өткір мәселелердің бірі­не тоқталған болатын. Оның айтуынша, ба­лалардың дүниетанымы мен санасын мек­тептен бұрын TikTok қалыптастырып жатқанын мойындайтын уақыт жетті.
– Бүгінде балаларымыздың дүниета­ны­мы мен санасын мектептен бұрын TikTok қалыптастырып жатқанын мойындауымыз ке­рек. Әсіресе, жазғы демалыс кезінде      жа­сөс­пірімдердің интернетте өткізетін уа­қы­ты бірнеше есеге артады. Олар онлайн ойын­­­­­­дарға, қысқа бейнероликтерге және ба­қылаусыз таралатын контентке тәуелді бо­лып, түрлі ақпараттық алгоритмдердің ық­палына түсуде. Бұл – аса күрделі әлеу­мет­тік әрі психологиялық мәселе. Өйткені дәл осы кезеңде баланың ойлау жүйесі, мі­нез-құлқы, тілдік ортасы мен құн­ды­лық­тар жүйесі қалыптасады, – делінген де­пу­таттық сауалда
Психологтардың пікірінше, дәл бала­лық шақта адамның мінезі, дүниетанымы, тіл­дік қоры мен өмірлік құндылықтары қа­лыптасады. Сондықтан ба­ланың қандай ақпарат тұтынатыны оның болашақ тұлға болып қалыптасуына тіке­лей әсер етеді.

Қазақ баласына қазақша әлем жетіспейді

Депутат көтерген мәселенің өзегі – қа­зақ тіліндегі балалар контентінің жеткі­лік­сіз­дігі. Шынында да, бүгінгі күні әлемдік плат­формалардағы танымал мульт­фи­льм­дер­дің, ойындардың, блогтардың басым бө­лігі шет тілінде ұсынылады. Қазақ тілін­дегі сапалы анимациялық фильмдер, білім беру платформалары, ғылыми-ағарту­шы­лық бағдарламалар немесе балаларға ар­нал­ған танымдық жобалар саусақпен са­нар­­лық. Бұл жай ғана тіл мәселесі емес. Бұл – ұлттық бол­мыс, мәдени код және ақ­па­раттық қауіп­сіздік мәселесі.
Егер бала күн сайын өзге тілдегі кейіп­кер­лермен бірге өсіп, бөтен мәдениеттің әзілін түсініп, сол ортаның құндылықтарын бойына сіңірсе, уақыт өте келе өзінің ұлт­тық дүниетанымынан алыстай бастайды. Сон­дықтан цифрлық кеңістіктегі бәсеке бүгін мәдениет майданына айналып отыр.
– Оңтүстік Корея мәдени контент ар-қы­лы жаһандық ықпалын күшейтіп келеді. Қы­тай балаларға арналған цифрлық плат­фор­маларды қатаң реттейді. Франция мен Гер­мания ұлттық тілдегі медиаконтентті мем­лекеттік деңгейде қорғайды. Ал Түркия та­ри­хи сериалдар арқылы өзінің мәдени ық­палын нығайтып отыр, – деді саясаткер.
Өз депутаттық сауалында Данияр Иса­бек қазақ тіліндегі балаларға арналған цифр­лық контентті дамытудың мемл­е­кет­тік стратегиясын әзірлеуді, сондай-ақ қазақ ті­ліндегі анимацияны, балалар киносын жә­не білім беру бағытындағы медиа­жо­ба­лар­ды мемлекеттік қолдау көлемін арт­тыру­ды ұсынды.
– Осыған байланысты Үкіметке жазғы де­малыс кезінде жасөспірімдердің интер­нет­тегі қауіпсіздігін қамтамасыз етуге ба­ғыт­талған профилактикалық және ағарту­шы­лық іс-шараларды күшейтуді, сондай-ақ TikTok, YouTube, Instagram және басқа да цифрлық платформалардағы балалардың психологиясына кері әсер ететін контентті шек­теудің құқықтық әрі техникалық тетік­терін жетілдіруді ұсынамыз, – деді депутат өз сөзінде.
Иә, расында да, жағдай алаңдатарлық. Себебі Үкімет ұсынған мәліметтер мәселе­нің қаншалықты өзекті екенін айқын көр­сетеді. 2026 жылдың басынан бері мем­ле­кет­тік органдар интернет-платфор­ма­лар­дан 27 631 заңбұзушылықты анықтаған. Оның ішінде онлайн-казиноны жар­на­ма­лау – 13 806 жағдай, есірткіні насихаттау – 7 448, порнографиялық материалдар – 6 034, суицидті насихаттайтын жарияла­ным­дар – 172, ал балалардың психикасына зиян келтіруі мүмкін 119 материал тір­кел­ген. Заңбұзушылықтардың ең көбісі Instagram әлеуметтік желісінде анықталған. Одан кейін «ВКонтакте», YouTube, Telegram және TikTok платформалары орналасқан.

Мемлекет қандай қадамдарға барып жатыр?

Қазір Үкімет балалардың цифрлық қауіп­сіздігін күшейту бағытында бірқатар бастамаларды қолға алған. Соның ішінде әлеу­меттік желілердегі зиянды контентті шек­теудің құқықтық және техникалық тетік­терін жетілдіру, ата-аналарға арналған бақылау құралдарын кеңінен насихаттау, мек­теп бағдарламасына цифрлық этика мен интернет қауіпсіздігі бойынша арнайы сабақтарды енгізу жоспарланып отыр.
Бұл пәнде оқушылар жалған ақпаратты тану­­ды, интернеттегі алаяқтықтан қор­ғану­­ды, әлеуметтік желілердегі мани­пуля­ция­­ларды ажыратуды және жасанды ин­тел­лектіні жауапкершілікпен пайдалануды үй­ренеді. Сонымен қатар қазақ тіліндегі ани­мацияны, балалар киносын және білім беру жобаларын мемлекеттік қолдау көле­мін арттыру мәселесі де қарастырылуда. Balapan телеарнасына қосымша қаржы бө­лініп, балаларға арналған жаңа жобалар­ды іріктеу жоспарланған.
Үкіметтің мәліметіне сүйенсек, кейінгі жыл­дары қазақ тіліндегі медиаконтенттің кө­лемі біртіндеп артып келеді. Қазір бұ­қара­лық ақпарат құралдарындағы қазақша кон­тенттің үлесі 78 пайызға жетсе, интер­нет-ресурстардағы қазақ тіліндегі мате­риал­дар 60 пайызды құрайды. Ал отандық те­леарналардағы бағдарламалардың 70 пайыз­дан астамы мемлекеттік тілде көрсе­ті­леді. Дегенмен мәселе тек санмен өлшен­бей­ді. Кез келген өнімнің сапасы, тартым­ды­лығы, көркемдігі және заманауилығы бірін­ші орында тұрады. Бала қызықпайтын мультфильмді немесе жастар көрмейтін бағдарламаны көбейту мәселені шешпейді. Қазақтілді контент ең алдымен әлемдік өнім­дермен бәсекелесе алатындай деңгейде болуы қажет.

Түйін: 

Қазіргі әлемде идеология тек мінберден айтылатын сөзбен немесе заңмен ғана жүргізілмейді. Ол мультфильм арқылы да, компьютерлік ойын арқылы да, бірнеше секундтық бейнеролик арқылы да қалыптасады. 2024 жылы халықаралық Common Sense Media ұйымының зерттеуіне сәйкес, 8 жасқа дейінгі балалар күніне орта есеппен 2 сағат 51 минут экран алдындағы контентті тұтынған. Бұл көрсеткіш 2011 жылмен салыстырғанда 70 пайызға артқан. Сондықтан дамыған мемлекеттер балалар медиакеңістігін ұлттық идеология мен құндылықты дәріптейтін маңызды құрал ретінде қарастырады. Сол себепті мәселенің шешімі әлеуметтік желіні толықтай шектеуде емес. Ең тиімді жол – баланың қызығушылығын оята алатын, сапалы, тартымды әрі заманауи қазақтілді медиакеңістік қалыптастыру. Өйткені тыйым уақытша нәтиже беруі мүмкін, ал сапалы балама ұзақмерзімді шешім ұсынады. Баланың бүгін көрген контенті – ертеңгі көзқарасы, ал бүгінгі қызығушылығы – болашақтағы құндылығы.
Сондықтан қазақ баласының санасын кездейсоқ алгоритмдердің емес, ұлттық рухқа негізделген сапалы қазақтілді медиакеңістіктің қалыптастырғаны маңызды. Мемлекет, қоғам, ата-ана және шығармашылық орта осы мақсатқа жұмыла кіріскенде ғана цифрлық дәуірдегі ұлттық тәрбиенің тұғыры берік болмақ.
 

Наурызбек САРША