«Газ қашан келер екен?» Бұл – Ақтөбе облысындағы шалғай ауылдардың тұрғындары атқарушы билікке жылдар бойы қойып келе жатқан сауал. Ауыл тұрғындары әкімдер есеп беретін жиындарда көбіне газдың жайын сұрайды. Қыс түсе көмір қамдап, ағаш жарып, отын әзірлеуге мәжбүр болатын ауыл халқы үшін табиғи газ – коммуналдық қызметтің бір түрі ғана емес, күн сайынғы ауыр бейнетін жеңілдететін игілік.
Ақтөбеден 400 шақырым жердегі Ақтасты ауылы Әйтеке би ауданына қарайды. Ақтастыға биыл 26 маусым күні газ барды. Алты баланың әкесі Қуат Салов газ құбырын тартып, көгілдір отынның игілігін елден бұрын көрген тұрғын.
– Газ келеді деген хабарды ести сала ерте қамдандым. Өйткені жасы 80-ге келген кәрі шешем, ара-тұра ауылға қыдырып келетін кішкентай жиендерім бар. Газ жоқ кезде солар тоңады-ау деп уайымдайтынмын. Көмір жағудың қандай бейнет екенін білетін боларсыздар. Ала жаздай малдың тезегін жинаймыз, жыл сайын кемінде бес тонна көмір түсіреміз. Оған 200 мыңдай қаржы жұмсаймыз. Аязды күні үйге шелектеп көмір таситынымыз өз алдына бұрқыратып күл шығарамыз. Пешке отын салумен бәрі бітсе, қане? Түнде от сөніп қалып, таңға дейін үй салқындап кететін. Қазір соның бәрі көрген түстей, – дейді Қуат Салов.
Ақтасты тұрғындары газ құбырын толық тартып болмағандықтан ресми шарадан соң газ құбыры уақытша бекітілген. Қуат Салов осы аралықта отбасымен бірге газға екі рет шай қайнатып ішкенін айтып, қуанып отыр.
Сырт көзге тым қарапайым көрінетін осындай нәрселер өңірді газдандыру жұмысының әлеуметтік маңызы зор екенін аңғартады.
Ақтөбе облысында алдағы үш жылда тұрғындарды табиғи газбен қамту деңгейі 99,6 пайызға жетуге тиіс. Бұл жоспар Ақтөбе әкімдігінде Асхат Шахаровтың төрағалығымен өткен аппарат мәжілісінде айтылды. Жиында газдандыру жобаларының жүзеге асырылу барысы, инфрақұрылымның техникалық жай-күйі, тұрғындарға көрсетілетін қызмет сапасы және жалпы жұмыс жоспары қаралған.
Ақтөбе облыстық энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы басқармасы басшысы Арысұлан Айтбаевтың мәліметінше, бүгінде өңірдегі 319 елді мекеннің 208-іне газ құбыры тартылған. Бұл ауылдарда шамамен 903 отбасы тұрады.
Өткен 2025 жылы жалпы құны 12,2 миллиард теңгені құрайтын 23 жоба іске асырылып, 31 ауылға газ құбыры тартылған. Ал биыл Ақтөбе облысының Әйтеке би, Мәртөк және Ойыл аудандарында тағы сегіз ауылға газ тарту жоспарланып отыр. Оның бесеуінде газдандыру жұмысы
толық аяқталып, тағы екі мыңнан астам тұрғын табиғи газдың игілігін көре бастады.
– Әйтеке би ауданындағы үш ауылға биыл газ тарту жоспарланған еді. Үшеуі де аудан орталығы Темірбек Жүргенов селосынан шалғай жатқан ауыл. Ел аралап шыққанымызда бұл елді мекендердің тұрғындары үнемі «газ қашан келеді?» деп сұрайтын. Ақтасты ауылына көгілдір отын биыл 26 маусым күні берілді. Жабасақ пен Тұмабұлаққа қыркүйек айына дейін беріледі. Құбыр тарту жұмысы қарқынды жүріп жатыр. Бұл ауылдарда халық саны салыстырмалы түрде аз әрі шалғай орналасқандықтан жоба қымбатқа шығып тұр. Мысалы, Жабасаққа газ тарту құны – 758 млн теңге, Тұмабұлаққа газ тарту құны – 715 млн теңге. Екі ауылды қоса есептегенде тұрғын саны мың адамнан сәл ғана асады, – дейді Әйтеке би ауданының әкімі Дәулетияр Тоғызбаев.
Газдандыру – тек құбыр тартумен шектелетін жұмыс емес. Көгілдір отын ауыл тұрғындарының тұрмысын жеңілдетіп, көмір мен отын дайындауға жұмсалатын шығынын азайтады. Сонымен бірге елді мекендердің экологиясына да әсер етіп, шағын кәсіпкерліктің дамуына да мүмкіндік береді. Наубайхана, жылыжай, өзге де халыққа қызмет көрсететін бизнес нысандары үшін табиғи газ – тұрақты әрі қолжетімді энергия көзі.
Ақтөбе облысында бұл бағыттағы жұмыс алдағы жылдары да жалғасады. Қазір бес ауылға тартылатын құбырдың жобалық-сметалық құжаттамасы дайын. Тағы екі жоба әзірленіп жатыр. Ал 2027-2029 жылдар аралығында Ақтөбе облысында 40 ауылды қамтитын 15 жобаны жүзеге асыру көзделіп отыр.
Бұл бастамаларды жүзеге асыру үшін республикалық бюджеттік комиссияға 5,5 млрд теңге көлемінде қаржы бөлу жөнінде өтінім жолданған. Қолдау көрсетілген жағдайда газдандырылған елді мекен саны 225-ке жетіп, облыс халқының 98 пайызы табиғи газға қол жеткізеді.
Дегенмен өңірде газсыз отырған ауылдар әлі де бар. Сондықтан жаңа құбыр тартумен қатар, қолданыстағы газ желілерінің тозуын азайту, тұрғындарды желіге қосу мерзімін қысқарту және қызмет сапасын арттыру мәселесі күн тәртібінен түскен жоқ.
Аппарат мәжілісінде Ақтөбе облысының әкімі Асхат Шахаров газдандыру жобаларының сапалы әрі уақытында аяқталуын, инфрақұрылымды кезең-кезеңімен жаңғыртуды және қауіпсіздік талабын қатаң сақтауды тапсырды.
Егер жоспарланған жобалардың барлығы жүзеге асса, 2029 жылға қарай Ақтөбе облысында табиғи газ тартылған елді мекен саны 274-ке жетеді. Бұл – облыс аумағындағы ауылдардың 85,9 пайызы. Ал табиғи газды тұтынатын халық саны 929,9 мың адамға немесе жалпы тұрғындардың 99,6 пайызына дейін өседі.
Ұлттық статистика бюросының дерегінше, Ақтөбе облысында 957, 4 мың адам тұрады. Оның ішінде облыс орталығы Ақтөбе қаласы тұрғындарының саны – 600 мыңнан астам. Статистикаға көз жүгіртсеңіз, ауылдарда халықтың тығыз қоныстанбағанын аңғарасыз.
Маусым айының соңына көгілдір отын барған Әйтеке би ауданындағы Ақтасты ауылында 50 шақты түтін бар. Небәрі 246 тұрғыны бар Ақтасты жұрты бұл жерді малға жайлы, құтты қоныс санайды. Сол себепті шалғай ауылдан кеткісі жоқ.
– Біз осы күнге дейін ешкімнен ештеңе сұрап көргеніміз жоқ. Болашақта да сұрай қоймаспыз. Ең бастысы, ауылға газ келді. Шалғай ауыл ғой деп ұмыт қалдырмаған билік басындағы азаматтарға мың алғыс! Ауылдастарымның қуанышын сөзбен сипаттап бере алмаймын. Газ келгенде қуанбаған адам қалмады. Қуанғаным сондай былтырдан қалған көмір мен малдың жинаулы тұрған қиын қыстақтағы малшыларға өзім жеткізіп бердім, – дейді Ақтасты ауылының тұрғыны Қуат Салов.
Табиғи газ мегаполистер мен ірілі-уақты қала тұрғындарына жай ғана инфрақұрылым жобасы болып көрінуі де мүмкін. Ал ауыл тұрғындары үшін ол – әр қыс сайын көмір тасып, күл шығарудан, отын жарудан құтқаратын, онсыз да бейнеті бес батпан ауыл адамдарының тұрмысына жайлылық әкелетін нақты өзгеріс.
Жанна Көпжанова,
Ақтөбе