Бүгін Астанадағы Тәуелсіздік сарайында «Әділет» партиясының кезектен тыс III Съезі басталды. Оған еліміздің барлық өңірінен 1 мыңнан астам делегат, облыстық филиалдар, қоғамдық бірлестіктер мен сарапшылар қауымдастығының өкілдері, сондай-ақ өзге де шақырылған қонақтар қатысып жатыр. Съезге қатысқан Атырау облысындағы Maximum адвокаттық кеңсесінің аға серіктесі, адвокат Айдос Ибраймов жаңа Конституцияда адвокатураның конституциялық мәртебесінің күшейтілуін құқық қорғау жүйесін дамытудағы маңызды қадам деп бағалады, деп хабарлайды turkystan.kz.
«Мен өзім адвокат болғандықтан және заң саласында жұмыс істейтіндіктен, жаңа Конституцияның 86-бабында адвокаттың конституциялық мәртебесінің күшейтілгеніне өте қуаныштымын.
Қазір сот, прокуратура және адвокатураның мәртебесі теңестірілді. Мұны біз жаңа Конституцияның маңызды жетістігі әрі алға жасалған серпін деп санаймыз. Бұл адам құқықтары мен бостандықтарын қорғауды күшейтуге ықпал етеді», – деді А. Ибраймов.