Ұзақ жылдар бойы қартаюды жеңіп, адам өмірін барынша ұзартуға ұмтылып жүрген америкалық миллиардер биохакер Брайан Джонсон бүгінде мәңгі өмір сүру мүмкін екеніне күмәнмен қарайтынын айтты, деп хабарлайды turkystan.kz.
Силикон алқабының кәсіпкері Брайан Джонсон қартаю процесін баяулату бағытындағы ауқымды жобаларымен танымал. Ол осы мақсатқа миллиондаған доллар инвестиция салып, биохакинг қозғалысының ең танымал өкілдерінің біріне айналды. Оның өмір салты Netflix платформасындағы «Don’t Die: The Man Who Wants to Live Forever» («Өлме. Мәңгі өмір сүргісі келетін адам») деректі фильмінде де көрсетілген.
Джонсон күн сайын ондаған дәрумен, минерал, биологиялық белсенді қоспалар мен дәрі-дәрмек қабылдайды. Сондай-ақ ол тәулігіне дәл 1 977 килокалория тұтынатын қатаң вегандық диета ұстайды, бірнеше сағат бойы жаттығу жасайды және ұйқы режимін қатаң сақтайды. Кәсіпкер әр кеш сайын бір уақытта ұйықтап, таңертең бір уақытта оянады. Ол арнайы жоғары технологиялық матраста, салқын әрі қараңғы бөлмеде жалғыз ұйықтайды.
Бұдан бөлек, Джонсон тұрақты түрде толық медициналық тексеруден өтіп, түрлі зертханалық талдаулар жасатады. Ол тіпті жасару мақсатында 18 жастағы ұлының қан плазмасын құю секілді эксперименттік әдістерді де қолданған.
Дегенмен сарапшылар биохакингтің кейбір элементтері – дұрыс тамақтану, дене белсенділігі, сапалы ұйқы және жүйелі медициналық бақылау денсаулыққа пайдалы болғанымен, адамның қартаюын толық тоқтатуға немесе мәңгі өмір сүруге мүмкіндік беретіні ғылыми тұрғыдан дәлелденбегенін атап өтеді. Қазіргі ғылым қартаю процесін белгілі бір деңгейде баяулатуға болатынын мойындағанымен, адамды өлместей етуге мүмкіндік беретін технология әзірге жоқ.