Қарағанды облысы Балқаш қалалық соты В.-ның Х.-дан оқуына байланысты алимент өндіру туралы талап арызы бойынша азаматтық істі қарады, деп хабарлайды turkystan.kz.
Талап қоюшы өзінің жоғары оқу орнының студенті екенін, күндізгі оқу нысаны бойынша білім алып жатқанын және анасының материалдық қамтамасыз етуінде екенін көрсетті. Кәмелетке толуына байланысты бұған дейін жауапкерден өндірілген алимент төлемдері тоқтатылған. Оқу кезеңінде материалдық қолдауға мұқтаж екенін негізге ала отырып, талап қоюшы әкесінен 21 жасқа толғанға дейін ай сайын 33 АЕК мөлшерінде алимент өндіріп беруді сұраған.
Жауапкер талапты мойындамай, өзінің екі кәмелетке толмаған баланы асырау жөніндегі міндеттемелері бар екенін, сондай-ақ талап қоюшы ұсынған шығындар есебімен келіспейтінін көрсетті. Оның пікірінше, мәлімделген шығындардың бір бөлігі тиісті дәлелдемелермен расталмаған. Бұдан бөлек, жауапкер талап қоюшының мемлекеттік стипендия алатынын және оқу орнының жатақханасында тұру мүмкіндігі бар екенін атап өтті.
Сот істі қарау барысында талап қоюшының жауапкердің қызы екені және жоғары оқу орнында күндізгі оқу нысаны бойынша білім алатыны анықталды. Оқуымен байланысты ол өзін толық көлемде өз бетінше қамтамасыз ету мүмкіндігіне ие емес және тұру, тамақтану, киім-кешек пен оқу құралдарын сатып алуға байланысты шығындар көтереді.
Қазақстан Республикасы «Неке (ерлі-зайыптылық) және отбасы туралы» Кодексінің 141-бабының 2 және 3-тармақтарына сәйкес, орта, техникалық және кәсіптік, орта білімнен кейінгі және жоғары білім беру ұйымдарында күндізгі оқу нысаны бойынша білім алатын балаларды жиырма бір жасқа толғанға дейін асырауға арналған қаражат, алимент төлеу туралы келісім болмаған жағдайда, сот тәртібімен тұрақты ақшалай сома түрінде өндіріп алынады.
Алимент мөлшерін айқындау кезінде сот тараптардың материалдық және отбасылық жағдайын, жауапкердің басқа да асырауындағы адамдардың бар екенін, талап қоюшының стипендия алуын, сондай-ақ қызын бұрынғы материалдық қамтамасыз ету деңгейін сақтап қалу қажеттігін ескерді.
Сот шешімімен жауапкерден талап қоюшының пайдасына оқу кезеңіне 20 АЕК мөлшерінде, 21 жасқа толғанға дейін ай сайын алимент өндірілді. Талап қоюдың қалған бөлігінде қанағаттандырудан бас тартылды.
Сот актісіне шағым берілмеген және заңды күшіне енді.